76 жасында Ұлытаудан Парижге жаяу барған саяхатшы марапатталды

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TexnBmMAT8lhtQobH3TXuGeLq4uMFSVGbIAy3w0T.jpg

Туризм және спорт министрінің орынбасары Серік Жарасбаев көрнекті жиһанкез, туризм саласының үздігі Сәрсенбай Қотырашовқа «Құрметті спорт қызметкері» атағын табыстады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Тәжірибелі саяхатшы 2022 жылы 72 жасында Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап, 8 мың шақырым жолды жүріп өткен еді. Осы жетістігі үшін отандық КИнЭС рекордтар кітабына енген.

Кейінгі жылдары да ол халықаралық деңгейдегі жаяу саяхаттарын жалғастырып келеді. 2023 жылы Атыраудан жолға шығып, Кавказ өңірі мен Грузия арқылы Түркияның Стамбул қаласына жеткен. Ал 2024 жылы Өскеменнен бастап Алтай, Моңғолия арқылы Қытай астанасы Бейжіңге дейін барған.

Биыл 3 наурызда басталған кезекті сапары аясында 76 жастағы жиһанкез Сербия, Мажарстан, Аустрия, Германия және Франция елдерін жаяу жүріп өтіп, жуырда ғана елге оралды.

«Марапат иесінің өмір жолы мен табандылығы – отандық туризмді дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға үлгі»,– делінген министрлік хабарламасында.

评论