Оңтүстік Корея мен Франция Ормұз бұғазы арқылы кемелердің қауіпсіз өтуін қамтамасыз ету мақсатында бірлескен шараларды күшейтуге келісті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Yonhap News Agency-ге сілтеп.
Келісім Ли Чжэ Мён мен Эммануэль Макрон арасындағы Сеулдегі кездесу барысында жасалды. Тараптар теңіз бағыттарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мұнай мен газ жеткізілімдерінің тұрақтылығын сақтау, энергетика, жоғары технологиялар және халықаралық сауда салаларындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады. Кездесу барысында мемлекет басшылары Ормуз бұғазы арқылы өтетін теңіз жолдарының қауіпсіздігін арттыру және әлемдік экономика үшін тәуекелдерді азайту бағытында іс-қимылды үйлестіруге уағдаласты. Сонымен қатар, аймақтағы геосаяси шиеленісті бәсеңдету және энергия ресурстарының жеткізілуіндегі іркілістердің алдын алу үшін халықаралық қауымдастықпен бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендерін жеткізді.
Қауіпсіздік мәселелерімен қатар, тараптар энергетика саласындағы, оның ішінде атом және офшорлық жел энергетикасы жобалары бойынша ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударды. Бұдан бөлек, жасанды интеллект, жартылай өткізгіштер, кванттық технологиялар және ғарыш индустриясы бағыттарындағы әріптестікті кеңейту жоспарланып отыр. Сауда-экономикалық байланыстарды дамыту да келіссөздердің маңызды бөлігі болды. Көшбасшылар 2030 жылға қарай екіжақты сауда көлемін 20 миллиард долларға дейін жеткізу мақсатында инвестициялық және сауда қатынастарын күшейтуге келісті.
Сапар аясында маңызды минералдарды жеткізу тізбегі мен бірлескен энергетикалық жобаларды іске асыруға қатысты бірқатар құжаттарға қол қойылды. Айта кетейік, бұл Франция президентінің Оңтүстік Кореяға соңғы 11 жылдағы алғашқы ресми сапары болып табылады. Сондай-ақ, екі ел арасындағы дипломатиялық қатынастардың 140 жылдығына орай ұйымдастырылды.
