Қаражатты жай игеру емес, нақты нәтиже беру: қуатты экономика Ақмола өңірін қалай өзгертуде

138
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/y2UEHFzymjb0yk25KjKKa7gMdWX1DCBtxtTEuXQW.jpg

Көкшетауда еліміздің түкпір-түкпірінен келген сәулетшілерді, урбанистерді, мемлекеттік органдардың өкілдері мен сарапшыларды біріктірген республикалық Aqmola Urban Forum форумы өтіп жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұйымдастырылған бұл алаңда реновация тәжірибесін кеңінен енгізу, заманауи урбанистика және жайлы қалалық орта қалыптастыру мәселелері талқылануда, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Пленарлық отырысты ашқан Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов барлық өңірлер үшін Ақмола облысының құрылыс нысандарын реновациялау және энергия тиімді технологияларды енгізу тәжірибесі ерекше қызығушылық тудыратынын атап өтті.

“Біз бұл тәжірибені тек теориялық тұрғыдан ғана емес, практикалық жағынан да көрсетуді көздеп отырмыз. Өңірлерден келген сәулет басқармаларының өкілдері мен салалық бөлімшелердің басшылары іске асырылған жобалармен тікелей танысып, Көкшетаудың үздік тәжірибелерін өз өңірлерінде қолдана алады. Біз бұл тәжірибені республика көлемінде кеңінен таратуды жоспарлап отырмыз”, – деді Қуандық Қажкенов.

Форумда ұсынылған тәжірибенің ең маңызды бағыттарының бірі тұрғын үй реновациясы бағдарламасы болды. 2024 жылдың қараша айынан бері облыста 23 апатты тұрғын үй сүріліп, олардың орнына заманауи тұрғын үй кешендері бой көтерді. Соның нәтижесінде жүздеген отбасы тұрғын үй жағдайын жақсартуға мүмкіндік алды. Биыл бұл жұмыс жалғасын табады. Бекітілген жобалар аясында тағы шамамен 1200 тұрғынды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жоспарланған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Ақмола облысының экономиканың түрлі салаларындағы жетістіктері бүгінде республикалық деңгейде үлкен қызығушылық тудырып отыр.

Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов атап өткендей, қалалық ортаны дамыту мықты экономика мен жаңа өсу нүктелерін қалыптастырусыз мүмкін емес.

“Соңғы жылдары өңір экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, қомақты инвестициялар тартуда. Тек өткен жылдың өзінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 900 млрд теңгеден асты. Оның басым бөлігін жеке сектор қамтамасыз етті. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында жеке инвестициялар көлемі екі есеге өсіп, жалпы инвестициялардың 92 пайызын құрады”, – деді облыс әкімі.

Экономикалық тұрақтылық өңірде ауқымды инфрақұрылымдық және әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, Көкшетауда небәрі 11 айдың ішінде спортшыларды олимпиадалық спорттың 15 түрі бойынша даярлауға арналған көпфункционалды «Көкше Арена» спорт кешені салынды. Ал Зеренді ауданында балаларға арналған спорттық-жаттығу орталығы бар болғаны бес айда бой көтерді. Мұндай құрылыс қарқыны елімізде теңдесі жоқ көрсеткіш саналады. Айта кету керек, бұл нысан мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған.

“Астана қаласымен бірлесіп «Astana Invest» ауқымды жобасын іске қостық. Оның аясында инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетіп, инвестициялық жобаларды сүйемелдейтін мамандар жұмыс істейді. Биыл күзде жаңа кірпіш зауытын іске қосу жоспарланып отыр. Сонымен қатар трактор шығаратын кәсіпорынның құрылысы басталады. Жалпы, Үкімет қаулысымен облыста арнайы индустриялық аймақ құрылды. Біздің басты міндетіміз – өнімді ел ішінде терең өңдеуді қамтамасыз ету, жаңа жұмыс орындарын ашу және өңірдің тұрақты экономикалық дамуына негіз болатын заманауи өнеркәсіптік базаны қалыптастыру”, – деді Марат Ахметжанов.

Айта кету керек, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы саласында да еліміздің жетекші өңірлерінің бірі саналады. Өткен жылы өңір диқандары 7,6 млн тонна астық жинап, тарихи рекордтық нәтижелердің біріне қол жеткізді.

Жыл сайын мемлекет өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін қолдауға шамамен бір триллион теңге бағыттайды. Бұл қаржы нақты нәтижелерге жол ашуда. Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің жалақысы 27 пайызға өссе, биыл ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің табысын тағы 50 пайызға арттыру міндеті қойылып отыр.

评论
其他材料