Вашингтонда «Транскаспий – 2026» форумы өтеді

188
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ockE3xGidsD2hUPj9vsUxaV8XmLcehPJm7gML0gU.jpg

Фото: tournavigator

2026 жылғы 10 маусымда Вашингтон қаласында «Транскаспий – 2026» форумы өтеді. Report агенттігінің Caspian Policy Center-ге сілтеме жасап хабарлауынша, форум «Бейбітшілік және тұрақты әріптестік арқылы экономикалық қауіпсіздік» ұранымен ұйымдастырылады, деп хабарлайды "Адырна". 

Іс-шара АҚШ пен Каспий өңірі елдерінің жоғары лауазымды мемлекеттік өкілдерін, жетекші сарапшыларды және жеке сектор басшыларын біріктіреді.

Форумның негізгі мақсаты — Америка Құрама Штаттары мен Үлкен Каспий өңірі елдері арасындағы стратегиялық әріптестікті дамыту.

Шараға АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Кристофер Ландау, Әзербайжан президентінің көмекшісі Хикмет Гаджиев, Қазақстан президентінің АҚШ-пен келіссөздер жөніндегі өкілі Ержан Қазыхан, Өзбекстан президенті сыртқы саясат жөніндегі кеңесшісінің орынбасары Жавлон Вахабов, Әзербайжан экономика министрінің кеңесшісі Талех Зиядов және Каспий өңірінен басқа да жоғары лауазымды өкілдер қатысады.

Форум күн тәртібінде өңірдің стратегиялық даму бағыты, Каспий ынтымақтастығының жаңа кезеңі, Орта дәлізді дамыту, цифрлық егемендік және өнеркәсіптік жасанды интеллект, критикалық маңызды пайдалы қазбалар, Каспий бассейнінің энергетикалық қауіпсіздігі, өңірде ядролық энергетиканы дамыту және Орта дәліз бойындағы бизнес-жобаларға инвестиция тарту мәселелері қарастырылған.

评论