Пак амнистияға ілікпейді. ІІМ резонансты іс туралы айтты

137
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/7Qd6Crx5EKMT6BwSo7r8QlhVlWhhjcSon4CcQHi9.png

Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына кінәлі азамат амнистияға ілікпейді. Бұл туралы бүгін, 3 маусым күні Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«ІІМ жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету бойынша өз міндетін толық орындады. Іс жан-жақты, толық әрі объективті тергелді. Қылмыстық іс материалдары сотқа жолданды»,– деді ол.

Сондай-ақ министрдің орынбасары жәбірленушілер сотта Пакты кешіргеніне қарамастан, бұл іс бойынша тараптардың татуласуы мүмкін емес екенін нақтылады. Алайда жәбірленушілердің арызы, келтірілген материалдық және моральдық зиянның өтелуі сотта жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілуі мүмкін.

Үш адамның өмірін қиған жол апаты 21 наурызға қараған түні Әл-Фараби даңғылында болған еді. Апат салдарынан Mercedes көлігінің жүргізушісі мен 20 және 22 жастағы екі қыз көз жұмған. Тергеу мәліметінше, Zeekr жүргізушісі Александр Пак жол апаты болған сәтте жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған. 7 сәуірде ол тергеу изоляторына этаппен жеткізілді.

Бұған дейін марқұмдардың туыстары Пакқа кешірім беріп, шартты жаза сұрағандары туралы жазған едік.

 

 

评论