Депутат желідегі пікірі үшін сотталғандарға рақымшылық жасауды сұрады

472
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/qHNSh9OASY7yFuX0sq71EI4EQX3iy5MykE2a5Dor.jpg

Мәжіліс депутаты Ринат Зайыт көрінеу жалған ақпарат тарату істері бойынша сотталған азаматтарға амнистия жариялауға шақырды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Өкінішті жағдай бар. Әлеуметтік желідегі пікірлері үшін сотталған адамдар бар. Мен әріптестерімнен Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша сотталған тұлғаларға амнистия қолдануға көмектесуін қатаң түрде сұраймын», – деді депутат.

Ол жұмыс тобының отырыстарында депутаттар көптеген пікір айтып, бірқатар ұсыныстар енгізгенін, алайда олардың Үкімет тарапынан қолдау таппағанын атап өтті.

Наурыз айында қазақстандық журналистер тобы президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа көрінеу жалған ақпарат тарату туралы бапты қылмыстық сипаттан арылту жөнінде үндеу жасаған болатын. Сол кезде журналист Ботагөз Омароваға қатысты дәл осы бап бойынша тергеу жүргізілген еді. Кейін ол кінәсін мойындап, кешірім сұрағаннан кейін іс тоқтатылды.

8 сәуірде Мәдениет және ақпарат министрлігі Қылмыстық кодекстің 274-бабын ішінара қылмыстық жауапкершіліктен шығару мәселесін қарастырып жатқанын хабарлаған болатын.

评论