2026 жылы Temu-дің сатылымы төмендеп жатыр

279
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Yptpqz904oNz48hIUsrg5vzOZonxIM7Rmv28Ld47.jpg

Фото: depositphotos.com

Temu, SHEIN және арзан тауар сататын басқа да маркетплейстер сұраныстың төмендеуіне тап болды. Сарапшылардың мәліметінше, 2026 жылы сатылым көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бесінші ай қатарынан азайған.

Қытай кеденінің деректеріне талдауды Люксембургтегі Trade and Transport Group консалтингтік компаниясы жүргізді. Сарапшылардың қорытындысына сәйкес, биылғы сәуір айында Қытайдан экспортталатын арзан тауарлар көлемі 10,9 пайызға қысқарған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда бесінші ай қатарынан төмендеп отыр.

Басты себептердің бірі – Таяу Шығыстағы қақтығыс салдарынан жанармай тапшылығының туындауы. Арзан тауарларды тасымалдау қымбаттап, жеткізу құны төмен болуына негізделген Temu мен SHEIN секілді маркетплейстердің бизнес-моделіне кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар Батыс елдеріндегі сатып алу қабілетінің төмендеуі инфляцияның өсуімен және жаһандық экономикалық тұрақсыздықпен байланысты.

Temu платформасында әйелдер киімін сататын Шэньчжэнь қаласының тұрғыны Диана Цяо әр тауардың бағасын екі долларға көтергенін айтты. Оның сөзінше, бір киімді жеткізу құны орта есеппен бір долларға артқан. Сондай-ақ ол сатылымның азайғанын айтып, «ақыр соңында барлық салмақ тұтынушыларға түседі» деп мәлімдеді.

Бағаның өсуіне қытайлық маркетплейстерге салынатын салық жүктемесінің артуы да әсер етіп отыр. Бірқатар мемлекеттер өз экономикасы мен шағын және орта бизнесті қорғау мақсатында бұрын баж салығынсыз әкелінген арзан тауарларға қосымша салық енгізді. Мәселен, Еуропалық одақ шілде айынан бастап арзан сәлемдемелерге бірыңғай салық енгізбек. 

Ал АҚШ-та 2025 жылы президент Дональд Трамп de minimis заңын күшін жойды. Бұған дейін бұл заң АҚШ-қа арзан тауарларды салықсыз әкелуге мүмкіндік беретін. Негізгі себептердің бірі ретінде есірткі тасымалына қарсы күрес аталды. Ақ үйдің мәліметінше, Қытайдан заңды шағын сәлемдемелер ретінде елге фентанил мен басқа да синтетикалық опиоидтар жеткізіліп отырған.

Қазақстан әзірге АҚШ тәжірибесін қайталап, 200 еуродан арзан тауарларға арналған баж салығынсыз импорт тәртібін жойған жоқ. Дегенмен, Temu және басқа да шетелдік маркетплейстерден келетін тауарларды әкелу талаптары қайта қаралды. Енді мұндай өнімдер «электрондық сауда тауарлары» деген жеке санатқа жатқызылады. Бұл санатқа арнайы кедендік баж салығы, жеке салық және бөлек кедендік декларация қарастырылған.

Сондай-ақ құны 200 еуродан асатын тауарларға қойылатын талаптар күшейтілді. Бұрын 5 пайыздық баж салығы шекті сомадан асқан бөлікке ғана салынса, енді ол тауардың толық құнына есептеледі.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық БАҚ-та Temu қолданушыларды бақылап, олардың жеке деректерін үшінші тұлғаларға немесе Қытай үкіметіне беруі мүмкін деген күдік туралы ақпарат тараған болатын. Әңгіме қолданушылардың белсенділігін, әдеттерін, жүріп-тұру бағыттарын бақылауға, сондай-ақ смартфондағы байланыс тізімдері мен басқа қосымшаларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін арнайы алгоритмдер жөнінде болған. Өз кезегінде Temu Қазақстан азаматтарының деректерін Қытай үкіметіне жинайтыны туралы айыптауларды жоққа шығарды.

评论
其他材料