Астана – Қостанай пойызында жолаушы қайтыс болды

176
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/MbLW3eh8yQ0F8lHiQWl7A0spRfwz2daYr74313rY.jpg

Астанадан шыққан жолаушылар пойызында жүрегіне ота жасатқан ер адам көз жұмды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы

Бұл ақпарат желіде тараған. 

Астана–Қостанай бағытында қатынайтын «Сары-Арқа Компания» ЖШС-не тиесілі пойызда жолаушының қайтыс болғаны туралы ақпарат расталды.

Тасымалдаушының мәліметінше, оқиға 14 маусым күні кешкі уақытта «Нұрлы жол – Орал» бағытындағы №57 жолаушылар пойызында болған. Бурабай курорты станциясына жақындаған сәтте №19 вагонда отырған жолаушының денсаулығы кенеттен нашарлаған.

Жолсерік жағдай туралы пойыз бастығына хабарлап, локомотив машинисі арқылы жедел медициналық көмек шақырылған.

Компанияның хабарлауынша, ер адам сапарға 54 жастағы жұбайымен бірге шыққан. Әйелінің айтуынша, күйеуі жүрегіне жасалған операциядан кейін клиникадан үйіне қайтып келе жатқан.

Жедел жәрдем қызметкерлері Бурабай курорты станциясында сағат 23:49-да пойызға көтеріліп, науқасқа алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Алайда көп ұзамай ер адам есінен танып қалған. Дәрігерлер сағат 00:30-да оның қайтыс болғанын тіркеді. Марқұм 23 маусым күні 56 жасқа толуы тиіс болған.

Қазір өлімнің нақты себебі жарияланған жоқ. Әлеуметтік желілерде жүрек талмасы туралы түрлі болжамдар айтылғанымен, тасымалдаушы компания бұл ақпаратты растаған жоқ.

Оқиғадан кейін марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін Көкшетау станциясында пойыздан түсірілді. Компания мәліметінше, оқиғаға байланысты тиісті акт толтырылып, жауапты қызметкерлерден түсініктемелер алынған.

Медициналық және тергеу шараларына байланысты пойыз кестеден 43 минутқа кешігіп қозғалған. Өлімнің нақты себебі сараптама қорытындысы шыққаннан кейін белгілі болады.

评论