Жоғалған адамды іздеген тікұшақ апатқа ұшырады

170
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ySh8cxrcaTPEtPIyC6DoILlRkqTpXUDPdV6qlMhQ.jpg

Павлодар облысында іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізу кезінде «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамына тиесілі Ми-8 тікұшағы мәжбүрлі түрде қонды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Көлік министрлігінің мәліметінше, оқиға 24 маусым күні Заря ауылы маңында болған. Тікұшақ бортында 13 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі мен 8 жолаушы болған. Алдын ала ақпарат бойынша, оқиға салдарынан қаза тапқандар жоқ. Зардап шеккендер туралы мәлімет нақтыланып жатыр.

Ведомство бұл жағдайды адам шығыны жоқ авиациялық оқиға ретінде бағалап, көліктегі оқиғаларды зерттеу департаментінің мамандары оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін тиісті тексеру жұмыстарын бастағанын хабарлады.

Төтенше жағдайлар министрлігі ақпарат таратты. Оның айтуынша, тікұшақ 1950 жылы туған азаматты іздестіру-құтқару операциясына қатысқан. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам балық аулау кезінде мотоциклден құлап, аяғын жарақаттап алғаннан кейін көмекке жүгінген.

Іздестіру жұмыстары бір тәулікке жуық уақыт бойы құтқарушылар, жерүсті қызметтері мен еріктілердің қатысуымен жүргізіліп, нәтижесінде азамат табылып, оған қажетті медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда оның өмірі мен денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ.

评论