"Қайта шапқан жау жаман". АҚШ Ирандағы 80-нен астам нысанды соққылады

488
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/1nGbCkSrQwxOCUWkgvq5jpmwb4lQVI0vZK9anGtc.jpg

АҚШ әскері Иранға «елеулі залал келтіру мақсатында» жаңа ауқымды соққылар жасады. Бұл әрекет Тегеранның Ормұз бұғазы маңындағы үш танкерге жасаған шабуылына жауап ретінде жүзеге асырылған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Иран көрсеткен агрессия негізсіз, қауіпті болды. Сондай-ақ атысты тоқтату режимін өрескел бұзды », – делінген АҚШ Орталық қолбасшылығының 7 шілде кешінде Х әлеуметтік желісінде жариялаған мәлімдемесінде.

Сейсенбі күні Ормұз бұғазында екі танкерге шабуыл жасалса, тағы бір танкер дүйсенбі күні нысанаға алынған. Қатар сұйытылған газ тасымалдаған танкерге жасалған шабуыл үшін Иранды айыптады. Кеменің машина бөлімінде өрт шығып, экипаж эвакуацияланған. Reuters агенттігінің дереккөздері өрттің жарылысқа ұласуы мүмкін болғанын хабарлады. Бұқаралық ақпарат құралдары сондай-ақ Оман жағалауында Сауд Арабиясының туымен жүзген танкердің зақымданғанын жазды. Тегеран бұл шабуылдар үшін жауапкершілікті өз мойнына алған жоқ.

Reuters және Axios басылымдарының хабарлауынша, АҚШ-тың жауап соққылары Иранның әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне, жағалаудағы бақылау нысандарына, қанатты зымырандарға, дрон ұшыру қондырғыларына және порт инфрақұрылымына бағытталған.

Кейінірек АҚШ Орталық қолбасшылығы жаңа соққылар сериясының аяқталғанын және 80-нен астам нысанның жойылғанын мәлімдеді. Олардың қатарында әуе қорғанысы жүйелері, басқару пункттері, жағалаудағы радиолокациялық станциялар, кемеге қарсы зымыран кешендері және Ислам революциясы сақшылар корпусының шағын катерлері бар.

Axios дереккөзі жаңа шабуылдардың маусым айының соңындағы соққылардан төрт-бес есе ауқымды әрі қуатты болғанын айтты. Басылым мәліметінше, тараптар арасындағы соққылар алмасуы АҚШ пен Иранды жаңа қарымта әрекеттер кезеңіне итермелеуі мүмкін. Бұл өз кезегінде екі ел президенттері үш аптаға жетер-жетпес уақыт бұрын қол қойған өзара түсіністік туралы меморандумның тағдырына қауіп төндірмек.

相关新闻

评论
相关新闻