Қазақстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Ержан Ашықбаев пен Грекияның Қазақстандағы елшісі Антония Кацуру екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Кездесуде энергетика, сауда және көлік салаларына ерекше назар аударылды. Бұл туралы Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
Тараптар Қазақстан мұнайын Еуропа нарығына экспорттауда стратегиялық маңызға ие Каспий құбыр консорциумының (КҚК) жұмысына қатысты пікір алмасты.
Кездесу барысында энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмыс істеуінің, энергия ресурстарын халықаралық нарықтарға үздіксіз әрі тұрақты жеткізудің маңызы атап өтілді. Сондай-ақ кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және теңізде еркін жүзу мәселелері сөз болды.
Грекия елшісі екі ел үшін ортақ мүдде тудыратын барлық бағыт бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға дайын екенін мәлімдеді. Оның ішінде энергетика, сауда, инвестиция, көлік және гуманитарлық байланыстар бар.
Айта кетейік, Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциенті арқылы тасымалданады.
