Киноның ауылға қадамы. "Қара алтын" Қарауылға да жетті

246
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JdTW4WTfuXKxurYNilfxdlDFP7wDYG46xZk0x4OB.webp

Абай ауданының орталығы Қарауыл ауылында отандық кино қорын жаңа туындымен толықтырған «Қара алтын» фильмінің арнайы көрсетілімі өтті.

10 қыркүйектен бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрерменге жол тартқан фильмді Қарауыл тұрғындары да тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Арнайы көрсетілімге фильмнің шығармашылық тобы арнайы келіп, көрермендермен жүздесті.

Іс-шараға фильм режиссері Мұрат Есжан, актриса Айсәуле Әбілда және басты рөлді сомдаған актер Қуандық Қыстықбай қатысты. Шығармашылық топ өкілдері туындының идеясы, түсірілім барысы мен актерлік құрам туралы айтып, көрермендердің сұрақтарына жауап берді.

«Қара алтын» фильмі аудан тұрғындарының көңілінен шығып, көрермен тарапынан жоғары бағаланды. Көрсетілімнен кейін тұрғындар фильмнің мазмұны мен актерлердің шеберлігіне қатысты өз пікірлерін білдірді.

Аудан әкімі Мейіржан Серікбосынұлы фильм ұжымын жаңа туындының жарық көруімен құттықтап, шығармашылық топқа арнайы сый-құрмет көрсетті.

Қазақ киносының дамуына өзіндік үлес қосатын «Қара алтын» фильмі – ұлттық өнерді дәріптеп, отандық киноға көрермен қызығушылығын арттыруға бағытталған жаңа туындылардың бірі.

Қарауылдағы арнайы көрсетілім шығармашылық топ пен аудан тұрғындарының арасындағы мазмұнды кездесуге ұласып, қазақ киносына деген көрермен ықыласының жоғары екенін көрсетті.

评论