Оқулық тапшылығын жою үшін миллиардтаған қаржы бөлінді

126
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ypG0rnjzZXCOt7i0y8hRxQcKWHSBfJeq8ejclOM3.webp

Қырғызстанда мектеп оқулықтарының тапшылығын толық жою үшін қосымша 7 млрд сом бөлінеді, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі Ферғанаға сілтеп.

Бұл туралы 18 қыркүйекте Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзов мәлімдеді.

Қосымша қаржы бөлу туралы шешімді Қырғызстан президенті Садыр Жапаров қабылдаған.

Оқулық тапшылығы мәселесі мектептерде қажетті кітаптардың жетіспеуі және олардың базарларда заңсыз сатылуына байланысты көтерілген. 16 қыркүйекте Жоғарғы кеңес депутаты Дастан Бекешев «Дордой» базарынан 3-сыныпқа арналған математика оқулығын 650 сомға сатып алғанын хабарлады. Кітаптың мұқабасында «Сатуға болмайды» деген белгі болған. Оқулық мемлекеттік «Учкун» баспаханасында басылған.

Қырғызстанның білім министрлігі оқулықтардың базарларда, дүкендерде және интернет алаңдарында заңсыз сатылғанын растады. Осыдан кейін «Учкун» баспаханасының жеке мектептер мен ата-аналарға оқулық сату құқығы тоқтатылды.

Президенттің баспасөз хатшысы Асқат Алагөзовтің айтуынша, оқулық тапшылығы мәселесі бірнеше жылдан бері бар. Бұған дейін бұл бағытқа жыл сайын орта есеппен 100 млн сом бөлінсе, соңғы екі жылда 1,3 млрд сомнан астам қаржы бөлінген. Осы кезеңде 9,6 млн-нан астам жаңа оқулық басылғанымен, мектептердің қажеттілігі толық қамтамасыз етілмеген.

Енді тапшылықты толық жою үшін қосымша 7 млрд сом бөлінеді. Егер «Учкун» баспаханасының өндірістік қуаты жеткіліксіз болса, оқулықтарды басып шығаруға елдегі басқа баспаханалар да тартылады.

Сонымен қатар Қырғызстанның білім министрлігі сайтында әр мектеп бойынша оқулықтар туралы ақпарат ашық жарияланбақ. Онда әр пән бойынша қанша оқулық берілгені, қанша кітап жетіспейтіні және қажетті оқулықтардың қашан басылып, жеткізілетіні көрсетіледі.

评论