Ұлытауда үздіктер ұлықталды: Үздік білім ұйымдары мен педагогтарға қомақты ақшалай сыйақы табысталды

151
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JrKT1bKHpYZ9czmKmXVNybOkz6bCXcMHhMSD4hsm.jpg

Ұлытау облысында Мұғалімдер күніне арналған «Ұстаз – ұлттың шамшырағы» салтанатты жиыны өтті. Мерекелік шараға облыс әкімі Есет Байкен қатысып, ұстаздар қауымын кәсіби мерекесімен құттықтады.

Салтанатты жиында білім саласының дамуына үлес қосып жүрген бірқатар педагогке мемлекеттік және ведомстволық марапаттар табысталды. Ұстаздар «Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Еңбек ардагері», «Ыбырай Алтынсарин» медальдарымен, сондай-ақ Оқу-ағарту министрлігінің «Орта білім беру ісінің үздігі» құрмет дипломымен және Алғыс хаттарымен марапатталды. Сонымен қатар Ұлытау облысының Құрмет грамоталары табысталды.

Сондай-ақ «Ұлытау білім үздігі» номинациясының жеңімпаздарына 1 миллион теңгеден сыйақы беріліп, үздік білім беру ұйымдарына 6 миллион теңгелік сертификаттар табысталды.

— Ұстаз – ұрпақ тәрбиесі мен ел болашағына тікелей жауапты ең маңызды мамандықтың иесі. Бүгінгі марапат – педагогтердің еңбегіне көрсетілген құрметтің белгісі. Біз алдағы уақытта да ұстаздардың кәсіби дамуына, білім беру сапасын арттыруға және балаларға қолайлы орта қалыптастыруға басымдық береміз. Осы бағытта 2027 жылдан бастап облыстық әдістемелік орталықтың жұмысы жаңа форматқа көшіп, «Ұлытау ұстазы» оқу-әдістемелік орталығы мен Ұстаздар үйін ашу жоспарланып отыр. Сонымен қатар педагог кадрларға сұранысты ескере отырып, жоғары колледж мәртебесін беру және «Логопедия» бағыты бойынша қолданбалы бакалавриат бағдарламасын іске қосу көзделуде, — деді облыс әкімі Есет Байкен.

Алдағы жылы балалардың спорттық, шығармашылық және әскери-патриоттық әлеуетін дамытуға бағытталған қосымша білім беру орталығы ашылады. Сонымен қатар барлық мектепте оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға арналған Community орталықтарын іске қосу жоспарлануда.

Мерекелік жиын ұстаздарға арналған арнайы композициямен және эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасымен жалғасты.

评论
其他材料