Құрбанғали Халидұлының 180 жылдығына арналған ғылыми жиында бірегей еңбектер таныстырылды

251
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/PrtPL6XDQVxacgPzwDVzZ2EPMhocL98gYhZT7bzD.jpg

6 қазанда Алматыдағы Ұлттық кітапханада көрнекті тарихшы, түркітанушы әрі ағартушы Құрбанғали Халидұлының 180 жылдығына арналған Қазақстан Қолжазбатанушылар қауымдастығының VIII отырысы өтті, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Құрбанғали Халидұлының қолжазба мұрасы: сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізу мәселелері» тақырыбындағы ғылыми жиында ғалымның жазба мұрасын сақтау, зерттеу және ғылыми айналымға енгізудің өзекті мәселелері талқыланды.

Жиын барысында Құрбанғали Халидұлы еңбектерін зерттеу, аудару және көпшілікке қолжетімді ету бағытындағы жұмыстар сараланды. Тарихшының шөбересі Сафария Тұрсынмұхамедқызы Теңізбаева сөз сөйлеп, ғалым мұрасының бүгінгі ұрпақ үшін маңызын атап өтті.

Сондай-ақ Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығының басшысы, тарих ғылымдарының докторы, профессор Данагүл Махат «Тауарих-и хамса-и шарқи – Шығыстың бес елінің тарихы» еңбегінің қолжазбадан көптомдық басылымға дейінгі дайындалу тарихын таныстырды. Ал шығыстанушы Бауыржан Мұстафа, түркітанушы Шыңғыс Бегімтаев және тарихшы-докторант Еркінжан Сыламхан еңбекті аудару, транскрипциялау және ондағы тарихи атауларды ғылыми тұрғыдан түсіндіру мәселелеріне тоқталды.

Ғылыми басқосуда Құрбанғали Халидұлының әйгілі «Тауарих-и хамса-и шарқи» еңбегінің III–V томдары көпшілік назарына ұсынылды. Басылым түпнұсқа қолжазба мен 1910 жылы Қазанда жарық көрген кітап нұсқасы негізінде әзірленген. Еңбекте қолжазбаның транскрипциясы мен қазақ тіліндегі аудармасы қатар беріліп, мәтіннің текстологиялық ерекшеліктері жан-жақты көрсетілген.

Сонымен бірге «Құрбанғали Халидұлы: дерек, тарих, таным» атты ғылыми жинақтың тұсауы кесілді. Жинаққа ғалымның өмірі мен шығармашылығына арналған зерттеулер, библиографиялық деректер, жас ғалымдардың ізденістері және халықаралық ғылыми конференция материалдары енгізілген.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, ғылыми жиын ұлттық жазба мұраны жан-жақты зерделеуге, қолжазбатану саласындағы тәжірибе алмасуға және Құрбанғали Халидұлы мұрасын ғылыми айналымға кеңінен енгізуге мүмкіндік берді.

评论