Ақмола төрінде халықаралық «Қансонар-2026» турнирінің жеңімпаздары анықталды

218
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/GH4OYLORakWnQfb8GUyvcp222FxbR7nCZHA5Udm2.jpg

Ақмола облысының Зеренді ауданында өткен халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі мәресіне жетті. Мәсіп Батырханұлының есімімен аталатын дәстүрлі додада Қазақстанның өңірлерінен, Түркия, Ресей және Моңғолиядан келген құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудан бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша үш бағытта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Республика күні қарсаңында Зеренді ауданының Айдарлы ауылында өткен турнир ұлттық саятшылық өнерінің озық үлгілерін таныстырып қана қоймай, әр елден келген құсбегілердің тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді. Құс мінезін тану, қыранды баптау және оның бабын дәл табу – көп жылғы тәжірибені, шыдамдылық пен ерекше шеберлікті талап ететін өнер. Мұны жарысқа қатысқан саятшылардың дайындығы мен өзара бәсекесінен аңғаруға болады.

Турнирдің ашылу салтанатында Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев қатысушылар мен қонақтарды құттықтап, ұлттық спортты дамыту мен дәстүрлі мұраны сақтаудың маңызын атап өтті.

«Қонақжай жеріміз үшін осындай ірі спорттық доданы өткізу – үлкен абырой әрі мәртебе. Бүгінгі жарыс еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында өтіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спортты дамытуға және халқымыздың дәстүрлі мұрасын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Қазақ халқы үшін шеберлік пен шыдамдылықты талап ететін құсбегілік өнерінің орны ерекше, бұл - ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі», – деді Досұлан Айтбаев.

Оның айтуынша, ұлттық спортты қолдау спортшылардың әлеуетін арттырып, дәстүрлі жарыстардың ауқымын кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасары Ақмола өңірі спортшыларының жетістіктеріне тоқталып, Қырғызстанда өткен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуына өңір спортшылары мен бапкерлері де үлес қосқанын атап өтті.

Турнирдің Айдарлы ауылында өтуі де кездейсоқ емес. Зеренді өңірінің табиғаты мен тарихи мұрасы қазақтың дәстүрлі саятшылық өнерімен сабақтас. Ауыл тарихында Дүйсен би Есенберліұлы мен оның Алабас атты бүркіті туралы деректер сақталған. Ал жарыстың Мәсіп Батырханұлының есімімен аталуы – құсбегілік өнерге үлес қосқан тұлғаның мұрасын ұлықтаудың бір көрінісі.

Бүгінде құсбегілік – тек жарыс алаңындағы бәсеке емес, ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі. Қыранды қолға үйрету, оны баптау және аңға салу тәсілдері ұрпақтан ұрпаққа беріліп келеді. Халықаралық турнир осы дәстүрдің жалғасын тауып, өзге елдерде де қызығушылық тудырып отырғанын көрсетті.

Мұны Моңғолияның Баян-Өлгей аймағынан келген 58 жастағы Нұрғайып Ыдырысұлының әңгімесінен де аңғаруға болады. Ол құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысады. Айтуынша, жеті атасы да бүркіт баптаған. «Қансонар» турниріне төртінші рет қатысып отырған тәжірибелі саятшы биыл жарысқа екі жастағы бүркітін алып келген.

Оның мысалынан құсбегіліктің бір адамның қызығушылығымен шектелмейтінін, тұтас әулеттің тәжірибесі мен дәстүрін бойына жинақтаған өнер екенін көруге болады.

Үш бағыт бойынша үздіктер анықталды
Жарыс қорытындысы бойынша бүркіт, қаршыға және ителгі бағыттарында үздік шыққан құсбегілер марапатталды.
Бүркіт бағыты:
•    І орын – Уәлихан Шыңғыс (Ақмола облысы);
•    ІІ орын – Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы);
•    ІІІ орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы).

Қаршыға бағыты:
•    І орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы);
•    ІІ орын – Ерасыл Серкбекұлы (Астана қаласы);
•    ІІІ орын – Ақжол Карчиганов (Ресей).

Ителгі бағыты:
•    І орын – Теміралі Төлегенұлы (Қарағанды облысы);
•    ІІ орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы);
•    ІІІ орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия).

Осылайша, Ақмола облысының өкілдері екі бағыт бойынша жүлдегерлер қатарынан көрінді. Уәлихан Шыңғыс бүркіт баптаудан бірінші орын алса, Ерлан Кенжетаев ителгі бағыты бойынша екінші орынға ие болды.

Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі ұлттық спорттың бәсекелік сипатын ғана емес, оның мәдени және тәрбиелік маңызын да көрсетті. Зеренді жерінде бас қосқан құсбегілер үшін бұл дода – шеберлікті сынайтын жарыс әрі ортақ мұраны сақтау жолындағы тәжірибе алмасу алаңы.

Атадан балаға жеткен саятшылық өнерінің өміршеңдігі осындай кездесулер арқылы айқындалады. Ал халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын турнирлер қазақтың ұлттық құндылықтарын кеңінен танытып, оны келер ұрпаққа жеткізуге ықпал етеді.

评论
其他材料