Каспийдегі теңізшілер өлімі. Премьер саладағы кемшілікті тізбеледі

203
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/utoOvbuFQzokqLb016Ck9Q7hdPYuVr1BVO4We3wu.webp

Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығуларды жоспарлау мен өткізу кезінде бірқатар жүйелі кемшіліктер болған, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. 

Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектенов депутаттық сауалға берген жауабында айтты.

Үкімет басшысының айтуынша, қорғаныс министрлігі жүргізген кешенді тексеру барысында оқу-жаттығуларды бақылау, ықтимал қауіп-қатерлерді бағалау және жағдай өзгерген кезде жедел әрекет ету бағыттарында кемшіліктер анықталған.

Атап айтқанда, қауіпті факторларға жеткілікті назар аударылмаған. Сондай-ақ қауіпсіздік талаптарының орындалуын бақылау және оқу-жаттығудың қауіпті кезеңдерін уақытылы тоқтату жөніндегі шешімдерді қабылдау мәселелерінде олқылықтар болған.

Сонымен қатар Қазақстан қарулы күштерінде әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылып жатқаны айтылды. Ал жекелеген күштік құрылымдарда әскери қызметшілердің орналасқан жері мен физиологиялық жағдайын бақылауға мүмкіндік беретін арнайы құрылғылар пайдаланылуда.

Бұдан бөлек, мемлекеттік күштік органдар «Қазгидрометпен» өзара іс-қимылды жолға қойған. Осы арқылы олар ауа райының өзгеруі мен дауылды ескертулер туралы ақпаратты тұрақты түрде алып отырады.

Олжас Бектеновтің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес уәкілетті органдар әскери реформа жоспарының жобасын әзірлеген. Құжатта әскери басқару жүйесін жетілдіру және оқу-жаттығуларды жоспарлау тәртібін біріздендіру көзделген.

Премьер-министр әскери қызметшілердің қауіпсіздік талаптарын мүлтіксіз орындауы басты міндеттердің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Айта кетейік, 2026 жылдың 24 қыркүйегінде Маңғыстау облысында өткен әскери-теңіз оқу-жаттығуы кезінде Каспий теңізінде 17 әскери қызметші дауылға тап болған. Олар жағалауда оқу-жауынгерлік тапсырмаларын орындап жатқан сәтте ауа райы күрт өзгеріп, жел күшейген. Оқиға салдарынан үш адам құтқарылып, 14 әскери қызметші суға кетіп, қаза тапты.

Трагедиядан кейін қорғаныс министрлігінде кадрлық өзгерістер болып, министр мен оның орынбасарлары ауыстырылды.

 

 

评论