Қазақстан «Дружба» мұнай құбыры арқылы жеткізілімді қайта бастауға дайын

216
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/xb6O9GsjUuSzGMeTEpK6teiIVa8iJ2pPV1GRfAfk.jpg

Қазақстан мамыр айынан бері тоқтап тұрған «Дружба» мұнай құбыры арқылы мұнай жеткізуді қайта бастауға дайын. Бұл туралы Энергетика министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«Ресми сұрау жолдадым. Қазір Қазақстан тарапы Ресей тарапынан мұнай жеткізуді қайта бастау мәселесіне қатысты жауап күтіп отыр», – деді министр Ерлан Ақкенженов.

Оның сөзінше, Қазақстанда мұнай жеткізуді қайта бастауға қажетті техникалық мүмкіндік бар. Енді Астана Ресей тарапының жауабын күтуде.

Қазақстан мұнайын Германияға «Дружба» құбыры арқылы жеткізу 1 мамырдан бастап тоқтатылған болатын. Осыдан кейін мұнай басқа логистикалық бағыттарға жөнелтілді. Ресей премьер-министрінің орынбасары Александр Новак жеткізілімнің тоқтатылуын «техникалық мүмкіндіктерге» байланысты деп түсіндірген.

Ресей аумағында «Дружба» мұнай құбыры арқылы тасымалдауды «Транснефть» компаниясы қамтамасыз етеді. Беларусь аумағында құбыр екі тармаққа бөлінеді. Оңтүстік тармағы Украина арқылы Венгрияға, ал солтүстік тармағы Польша мен Германияға бағытталған. Оңтүстік бағыттағы Украина учаскесі 22 сәуірде қайта іске қосылған болатын.

评论
其他材料