ТМД елдерінің құтқарушылары Шымкентте тәжірибе алмасты

152
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/Tzvf1zqxM8y2IGouZHcWWVdOsQ53npw03P1vnXsQ.jpg

Бүгін Шымкент қаласында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше елдердің Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекетаралық кеңесінің XXXVIII отырысы өтті.

Қазақстан соңғы 11 жылда алғаш рет халықаралық деңгейдегі аталған іс-шараны ұйымдастырды. Жиынға Достастық елдерінің құтқару қызметтері мен төтенше жағдайлар ведомстволарының басшылары және өкілдері қатысты. Олардың қатарында Өзбекстан, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан және Ресейдің төтенше жағдайлар министрлері бар.

ҚР Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов әріптестеріне климаттық және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды болжау жөніндегі Өңірлік орталық құру идеясын таныстырды. Атап айтқанда, Қазақстанда орман өрттерін ерте анықтау үшін жасанды интеллект технологиялары қалай қолданылатыны, көмір шахталарында жұмысшыларды іздеу және газдану деңгейін бақылау жүйелері қалай енгізіліп жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары жетуі қиын аумақтарды тексеріп, адамдарды іздеуге көмектеседі.

Мұрат Мұханов құтқару авиациясы мен мамандандырылған бөлімшелердің дамуы, ауылдық жерлердегі құтқару бөлімшелері желісінің кеңеюі жөнінде де мәлімет берді. Мәселен, «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында 311 ерікті өртке қарсы топтар құрылған. Олар 975-тен астам елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.

Ресей Төтенше жағдайлар министрлігінің басшысы Александр Куренков ведомство 2027 жылдың жазында Арктикалық аймақта, болжам бойынша Якутияда, тәжірибелік-зерттеу жаттығулары мен экспедиция өткізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Оның мақсаты – төтенше жағдайларға ден қою кезінде ведомствоаралық өзара іс-қимылды пысықтау, сондай-ақ тундра мен батпақты жерлер сияқты күрделі табиғи жағдайларда өрт сөндіру және құтқару техникасы мен жабдықтарының үлгілерін салыстырмалы сынақтан өткізу.

Отырыс аясында қазақстандық өндірістен шыққан арнайы техника, авариялық-құтқару жабдықтары мен құтқарушылардың арнайы киім-кешектері қойылған көрме ұйымдастырылды. Шетелдік делегация өкілдері ұсынылған жабдықтардың мүмкіндіктерімен, техникалық сипаттамаларымен және іс жүзінде қолданылу ерекшеліктерімен танысты.

评论
其他材料