Brent маркалы мұнай бағасы тағы да арзандады

249
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/JW2wOsL2edyrMig87uz1SK6KAQcLrfCV2Bvn6uVX.jpg

Фото: ЖИ

Әлемдік нарықта мұнай бағасы арзандап жатыр, деп хабарлайды “Адырна”. 

Brent маркалы мұнайдың бір баррелі 90 доллардан төмендеп, соңғы үш айдағы ең төменгі көрсеткішке жетті. Сарапшылар мұны Таяу Шығыстан мұнай жеткізілімінің қалпына келуі, Ливиядағы мұнай құбырының қайта іске қосылуы және нарықта ұсыныстың артуы мүмкін деген болжаммен байланыстырады.

Астана уақытымен сағат 08:26-дағы жағдай бойынша Лондонның ICE биржасында Brent маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері 3,61 пайызға арзандап, барреліне 89,22 долларды құрады.

Ал америкалық WTI маркалы мұнайдың қаңтар айындағы фьючерстері 3,89 пайызға төмендеп, барреліне 80,16 долларға дейін түсті.

Мұнай бағасының төмендеуіне әлемдік нарықтағы ұсыныстың артуы әсер етіп отыр. Ливияда Шарара мұнай құбыры қайта іске қосылды. Соның нәтижесінде шикізат Завия қаласындағы Акакус мұнай сақтау қоймасының резервуарларына жеткізіле бастаған. Бұл нарықта мұнай жеткізілімі қалпына келеді деген болжамды күшейтті.

Бұған қоса, 2027 жылы мұнай өндіру көлемі артады деген болжамдар да бағаға қысым түсіріп отыр. JPMorgan сарапшылары Иранды қоспағанда, Таяу Шығыс елдерінде, сондай-ақ Солтүстік және Оңтүстік Америкада, әсіресе АҚШ-та мұнай ұсынысы көбейеді деп күтеді.

Осыған байланысты сарапшылар нарықта мұнайдың артық қоры қалыптасуы мүмкін екенін айтады. Болжам бойынша, 2027 жылдың бірінші жартысында Brent маркалы мұнайдың бағасы барреліне шамамен 70 долларға дейін төмендеуі ықтимал.

Сондай-ақ АҚШ-тың Иранға қарсы жаңа әскери шабуыл жасау ықтималдығы төмендегені туралы болжамдар да нарықтағы ахуалға әсер етіп отыр. Бұл мұнай жеткізіліміне қатысты қауіптің бәсеңдеуіне ықпал еткен.

评论