Томсен көне түркі жазуының құпиясын ашқан тарихи күн

194
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/w0PiwQDOGhntxM6ciykV4iINL9Se4XUe7dWVM81D.png

Фото: ЖИ көмегімен

25 қараша – түркітану ғылымы үшін тарихи маңызы бар күн. Осыдан 133 жыл бұрын, 1893 жылы 25 қарашада даниялық ғалым, лингвист әрі полиглот Вильгельм Томсен көне түркі жазуының кілтін тауып, Орхон-Енисей ескерткіштеріндегі мәтіндерді оқудың жолын ашты. Ғылыми жаңалық сол күні Дания корольдік ғылым академиясының мәжілісінде ресми түрде жарияланды.

Зерттеуші көне жазбалардан «Түрік» және «Тәңірі» сөздерін оқып, руникалық мәтіндердің түркі халықтарына тиесілі екенін ғылыми тұрғыда дәлелдеді. Бұл жаңалық түркі халықтарының тарихы мен мәдениетін зерттеуде жаңа кезеңнің басталуына негіз болды.

Алғашқы зерттеулер кезінде таңбалардың сыртқы пішіні ежелгі скандинав руналарына ұқсас болғандықтан, олар «руна жазуы» деп аталды. Алайда Вильгельм Томсеннің еңбектері бұл жазудың түркілерге тән төл әліпби екенін анықтауға мүмкіндік берді. Кейін ғалымның зерттеулерін түрік, қазақ, әзербайжан, өзбек және басқа да елдердің зерттеушілері жалғастырды.

Көне түркі жазба мұраларының ішінде Күлтегін, Білге қаған және Тоныкөк ескерткіштерінің орны ерекше. Олар түркі халықтарының мемлекеттілігі, дүниетанымы, тарихы мен рухани құндылықтары туралы мол мәлімет береді. Бүгінде Еуразия аумағында көне түркі бітік жазуымен жазылған 700-ден астам тас ескерткіш, жартас жазуы және түрлі бұйымдарға қашалған мәтін анықталған.

Қазақстанда да көне түркі мұрасын зерттеу жұмыстары жалғасып келеді. Халықаралық Түркі академиясының жанында ежелгі жазба мәтіндерді зерттеп, аударумен айналысатын «Түркология, алтаистика және моңғолтану» бөлімі жұмыс істейді.

Сонымен қатар Академия түркітану ғылымына елеулі үлес қосқан зерттеушілерді марапаттау мақсатында «Вильгельм Томсен» медалін тағайындаған. Бүгінге дейін бұл марапатқа 23 ғалым ие болған.

Вильгельм Томсеннің 1893 жылғы ғылыми жаңалығы көне түркі жазбаларын оқуға жол ашып қана қоймай, түркі өркениетінің жазба тарихын тереңірек тануға мүмкіндік берді. Сондықтан 25 қараша түркітану ғылымының дамуындағы маңызды даталардың бірі ретінде аталып өтеді.

评论
其他材料