Иманжүсіп Құтпанұлына музей ашылуы керек – Абылайхан Қалназаров

244
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/80DBfliOm9IbzSxFiz97Oq74XbX4xYJWmP8EIDyK.jpg

Тәуелсіз елдің тарихи санасы ұлттың азаттығы жолында күрескен тұлғаларына деген құрметінен де көрінеді. Алайда қазақ тарихында азаматтық болмысы, қайраткерлік қызметі мен шығармашылық мұрасы әлі де өз деңгейінде бағаланбай келе жатқан тұлғалар бар.

Солардың бірі – халық композиторы, әнші, ақын, балуан, азаттық рухының жыршысы Иманжүсіп Құтпанұлы. Оның тағдыры – бір адамның ғана емес, үш буын бойы азаттық үшін күрескен тұтас бір әулеттің, қала берді, бодандықтың қасіретін бастан кешкен қазақ халқының тағдыры.

Жуырда «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясы еліміздің жоғары мемлекеттік лауазым иелеріне Ақмола облысының Аршалы ауданында Иманжүсіп музейін ашу жөнінде арнайы ұсыныс жолдады. Бастаманың мән-маңызы, ұлттық тарихи жадымыздағы олқылықтар, Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқаның трагедиясы және тарихи тұлғаларды ұлықтаудың заманауи мәдениеті туралы мәдениеттанушы, саяси ағартушы, академия құрылтайшысы Абылайхан Қалназаровпен сұхбаттастық.

– Иманжүсіп Құтпанұлына музей ашу мәселесін көтеріп жүрсіз. Бұл бастаманың туындауына не себеп болды?

– Бұл бір менің емес, Иманжүсіптің кенже ұлы Нұрханның қызы Раушан апамыздың соңғы 30 жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі. Менікі, осыған екпін беру ғана. Бастама да, еңбек те сол кісінікі. Содан соң мәселені бір ғана музей ашу тұрғысынан қарастырмаған жөн. Бұл тарихи әділеттілік, ұлттық жады, мәдени саясат және мемлекеттің өз тарихына деген қарым-қатынасы мәселесі.

Біз тәуелсіздік жылдарында көптеген тарихи тұлғаларымызды қайта таныдық. Есімдерін елге қайтардық, ескерткіштер орнаттық, кітаптар шығардық. Алайда осы бағытта атқарылған жұмыстарға зер салсақ, тарихи тұлғаларды ұлықтауда белгілі бір ала-құлалықтың барын байқаймыз. Бір тұлғамыздың өмірі жан-жақты зерттеліп, шығармашылық және ерлік жолы бірнеше буынның санасына сіңірілсе, екінші бір тұлғамыздың мұрасы жекелеген зерттеушілер мен ұрпақтарының жанкешті еңбегінің арқасында ғана сақталып келеді.

Мәселен, биыл 155 жылдығы аталып өтіп жатқан Қажымұқан Мұңайтпасұлын алайық. Күш атасының Темірланда кесенесі, еңселі музейі бар. Ол туралы кітаптар жазылды, көркем және деректі фильмдер түсірілді, театр қойылымдары сахналанды. Есімі спорт кешендеріне, стадиондарға, білім беру мекемелеріне берілді. Балуан Шолақ туралы тіптен, айтып жатпай-ақ қоялық. Жақында түсірілген атаулы фильмінің өзі неге тұрады?» Мұның барлығы құптарлық іс.

– Ал Иманжүсіп ше?

– Ол да қазақтың маңдайына біткен алыптарының бірі емес пе? Ол да қара күштің иесі, өнердің өкілі, ел намысы мен мүддесін қорғаған қаһарман емес пе? Оның үстіне, Иманжүсіптің өмір жолында ұлт-азаттық күрестің, саяси қуғын-сүргіннің, отарлық езгінің тұтас тарихы жатыр. Мен Қажымұқанның не басқаның құрметін кемітуді емес, салыстыра отырып Иманжүсіптің құрметін арттыруды айтып отырмын. Қазақтың ұлы тұлғалары бір-біріне бәсекелес емес, бірін-бірі толықтыратын ұлттық құндылықтар.

Ұлттың ұлыларына деген құрмет олардың бүгінгі ұрпақтарының белсенділігіне, туған өңірінің мүмкіндігіне немесе жекелеген азаматтардың демеушілігіне ғана тәуелді болмауға тиіс. Бұл мемлекеттік мәдени саясаттың жүйелі бағыты болуы керек.

– Иманжүсіпті көпшілік әнші, композитор, балуан ретінде таниды. Сіз оның саяси-тарихи болмысына да ерекше мән беріп отырсыз. Неліктен?

– Иманжүсіпті тек әнші немесе балуан ретінде таныстыру – оның тұлғалық болмысын толық ашпау деген сөз. Оның өмірбаянын түсіну үшін әуелі ата-бабасының тағдырына үңілуіміз қажет.

Иманжүсіп – үш буын бойы азаттық жолында күрескен әулеттің өкілі. Атасы Тұрғанбай датқа Қоқан хандығының озбырлығына қарсы тұрған. Әкесі Құтпан Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысқа қатысқан. Ал Иманжүсіптің өзі патшалық Ресей тұсында да, кеңестік билік кезеңінде де қуғын-сүргін көрді. Бір әулеттің тарихында қазақ халқы бастан кешкен үш үлкен саяси-тарихи кезең тоғысып тұр. Мұндай тағдырлар ұлттық тарихымызда ерекше зерттеуді қажет етеді.

Иманжүсіптің қайсар мінезін, билік өкілдерінің әділетсіздігіне төзбегенін, еркіндікке ұмтылысын оның әулеттік тарихынан бөліп қарауға болмайды. Оның әндеріндегі өрлік пен мұңның, асқақтық пен өкініштің астарында үлкен тарихи тәжірибе жатыр. Иманжүсіп ән салғанда өзінің ғана емес, тұтас бір дәуірдің шерін тарқатқандай әсер қалдырады. Сондықтан мен оны қазақтың азаттық философиясын өзінің өмірімен де, өнерімен де бейнелеген тұлғалардың бірі деп бағалаймын.

 

– Осы ретте Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқаның тағдырына тоқталсаңыз. Оның өміріндегі трагедиялық оқиғалар көпшілікке аса таныс емес...

– Расында, Тұрғанбай датқаның тағдыры – қазақ тарихындағы жеке зерттеуге, тарихи романға, тіпті үлкен кинематографиялық туындыға арқау боларлық драма.

Тұрғанбай датқа XIX ғасырдың бірінші жартысында Түркістан маңындағы Шілік өңірінде, яғни қазіргі Отырар ауданы аумағында ел басқарған, халық арасында беделі жоғары тұлға болған. Қоқан билігі үстемдік еткен кезеңде өмір сүріп, жергілікті халықтың мүддесін қорғаған.

Тарихшы, әдебиетші ғалым Әуелбек Қоңыратбаев жеткізген ел аузындағы деректерге сүйенсек, Тұрғанбайдың дербес мінезі мен халық алдындағы беделі Қоқан билеушілеріне ұнамаған. Әйгілі Шілік көтерілісінің жетекшісі болды. Ақырында оның ауылына шабуыл жасалып, ел-жұрты қырғынға ұшырайды. Датқаның өзінің де аса қатыгездікпен өлтірілгені айтылады. Кей деректерге қарағанда, тірідей қазанға салып, қайнатқан.

Осы оқиғаның ең жүрек тебірентер тұсы бар.

Әулеттік естеліктер бойынша, Тұрғанбайдың жұбайы Мәлбике үш жасар ұлы Баймырза мен бес жасар қайнысы Басығараны қырғыннан аман алып шығады. Баймырзаны Арқаға бет алған керуеншілер алып кетіп, кейін оған Құтпан деген есім беріледі. Сол бала болашақ Иманжүсіптің әкесі.

Ойлап қараңызшы, бір әулеттің тағдыры, оның болашағы, кейін дүниеге келетін ұлы өнер иесінің өмірі сол бір аласапыран сәтте қыл үстінде тұрған. Егер сол ана баласын аман алып қалмағанда, егер керуеншілер жетім баланы қамқорлығына алмағанда, бәлкім, қазақтың Иманжүсіптей біртуар перзенті дүниеге келмес еді. Бұл жерде біз тек Тұрғанбай датқаның ерлігін емес, қазақ әйелінің қайсарлығын, қиын сәтте жетімге пана болған дала жұртының адамгершілігін де көреміз.

Әрине, бұл оқиғаның ауызша тарихи деректер арқылы жеткен тұстарын архивтік құжаттармен толықтыру қажет. Бірақ оның мәдени және тарихи жадымыздағы орны ерекше.

Біз әлем халықтарының осындай тағдырларын экраннан көріп, тебіреніп жатамыз. Ал өз тарихымыздағы дәл сондай, кейде одан да күрделі драмаларды жеткілікті дәрежеде таныта алмай келеміз.

Тұрғанбай датқаның қасіреті – бір әулеттің басына түскен нәубет қана емес, қазақ халқының саяси дербестігінен айырылған кезеңінің адам тағдыры арқылы көрініс тапқан трагедиясы.

– Иманжүсіптің кеңестік қуғын-сүргін құрбаны болғаны белгілі. Тәуелсіздік алғаннан кейін оның тарихи тұлғасы толық қалпына келтірілді деп айта аламыз ба?

– Иманжүсіп 1931 жылғы 2 наурызда атылды. 1990 жылы толық ақталды. Алайда тарихи тұлғаның заң жүзінде ақталуы мен оның ұлттық санаға толық оралуы – екі бөлек мәселе.

Құқықтық ақтау – тарихи әділеттілікті қалпына келтірудің алғашқы қадамы. Одан кейін мәдени, ғылыми, қоғамдық және ағартушылық тұрғыдан қайта таныту жұмыстары жүруге тиіс.

Тұлғаның есімі архив құжаттарында ақталғанымен, оның өмір жолы мектеп оқушысына, студентке, жалпы қоғамға таныс болмаса, тарихи әділеттілік толық орнады деп айту қиын.

Иманжүсіптің «Сарыарқа», «Ерейментау», «Сарыбел», «Сармойын», «Бұғылы мен Тағылы» секілді әндері – қазақ музыка мәдениетінің құнды мұрасы. Оның әндерін Александр Затаевич нотаға түсіріп, жинағына енгізген. «Сармойын» әні «Қыз Жібек» операсында Бекежанның ариясына негіз болған. Яғни Иманжүсіптің шығармашылығы қазақтың кәсіби музыка мәдениетінің қалыптасуына да ықпал еткен. Бірақ бүгінгі жас буынның қаншасы сол әндердің авторының тағдырын біледі? Қаншасы оның атасының кім болғанын, әкесінің қандай күреске қатысқанын, өзінің не себепті қуғындалғанын айта алады? Мәселе осында. Біз тарихи тұлғаларымыздың есімдерін есте сақтаумен шектелмей, олардың өмірлік ұстанымдарын түсіндіруіміз керек.

– Иманжүсіптің жерленген жеріне қатысты да мәселе бар көрінеді...

– Бұл – жанға бататын мәселе. Иманжүсіптің өмірі қазіргі Тараз қаласында саяси қуғын-сүргіннің құрбаны болуымен аяқталды. Алайда оның сүйегі жатқан нақты жеке қабірі анықталмаған. 2013 жылы Иманжүсіптің 150 жылдығына орай Тараздағы атылған жерінен топырақ әкелініп, Ақмола облысындағы әулеттік қорымда еске алу рәсімі өткізіліп, ескерткіш тас орнатылған.

Әрине, бұл – ұрпақтарының, жанашыр азаматтардың атқарған маңызды ісі. Бірақ топырақ әкеліп, белгі қою мен адамның нақты жерленген орнын анықтау екі бөлек нәрсе.

Саяси қуғын-сүргін құрбандарының сүйегі жатқан жерлерді қорғау, олардың тарихи мәртебесін айқындау, лайықты мемориалдық кеңістік қалыптастыру – өркениетті қоғамның міндеті. Бұл жерде Иманжүсіптің ғана емес, онымен тағдырлас жүздеген адамның алдындағы тарихи жауапкершілігіміз туралы айтып отырмыз.

Тарихи тұлғалардың қабірін іздеу – өткенді қазбалау емес. Бұл – адамдық қадір-қасиетті қалпына келтіру.

– Иманжүсіп музейін неліктен Ақмола облысының Аршалы ауданында ашуды ұсынып отырсыздар? Мұны бұған дейін Раушан апамыздың да, сіздің де аузыңыздан бірнеше жиында құлағымыз шалған-ды.

– Мұның нақты тарихи, географиялық және мәдени негіздері бар. Біз зерттеу және экспедициялық жұмыстарымыз барысында Иманжүсіптің әулеті қоныстанған Құтпан жайлауының орнын араладық. Қазіргі Күйгенжар аумағында Иманжүсіптің өз қолымен отырғызғаны айтылатын үш терек бар. Сондай-ақ Жібек жолы ауылынан бірнеше шақырым жерде Құтпан әулетінің қорымы орналасқан. Онда Иманжүсіптің ата-анасы мен жақын туыстары жерленген. Әулет тарихынан сыр шертетін қошқартас та сақталған. Осының барлығы елордадан алыс емес жерде орналасқан.

Ең маңыздысы – Құтпан жайлауы мен әулеттік қорымның арасындағы Жібек жолы ауылында бұрын Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектеп орналасқан екі қабатты ескі ғимарат бар. Біздің ұсынысымыз – қазіргі уақытта пайдаланылмай тұрған сол ғимаратты қалпына келтіріп, Иманжүсіп музейіне айналдыру. Яғни біз жаңадан жер сұрап, қымбат ғимарат салуды талап етіп отырған жоқпыз. Қолда бар инфрақұрылымды тарихи-мәдени мақсатта пайдалануды ұсынып отырмыз.

Мұнда бір-бірімен табиғи түрде байланысқан бірнеше тарихи нысан бар: Құтпан жайлауы, теректер, әулеттік қорым және музейге айналдыруға болатын ғимарат. Оларды біріктіре алсақ, бір ғана музей емес, тұтас тарихи-мәдени маршрут қалыптастыруға мүмкіндік туады.

 

Құтпан қорымындағы белгі тас

– Құтпан жайлауының жекеменшікке өтіп кеткені рас па?

– Біздің қолымыздағы мәлімет пен барған кездегі байқауымыз бойынша, аталған аумақ қоршалған, жекеменшік иелігіндегі ақылы демалыс орнына айналған. Бұрын Ақмола облысының аумағында болған бұл жер телімі бүгінде Астана қаласының әкімшілік шегіне кіреді.

Мен жекеменшікке қарсы емеспін. Бірақ жекеменшік пен ұлттық тарихи мұраның арақатынасы дұрыс реттелуі керек. Егер белгілі бір жердің аумағында тарихи тұлғаның өмірімен байланысты нысандар болса, олардың ғылыми тұрғыдан зерттелуіне, қорғалуына және жұртшылықтың танысуына мүмкіндік жасалуы қажет.

Тиісті мамандар үш теректің жасын, жайлаудың нақты шекарасын зерттесін. Осы маңда Иманжүсіп көтерген болуы мүмкін балуан тасты да тапсын. Архивтік құжаттар, тарихи карталар, әулеттік естеліктер негізінде нысандардың тарихи құндылығы анықталсын. Содан кейін жер иесімен, жергілікті әкімдікпен және мәдениет саласының мамандарымен бірлесіп, заң аясында ортақ шешім қабылдауға болады.

Жердің меншік иесі болуы мүмкін. Ал сол жердің тарихи жады бүкіл халыққа ортақ.

– Музей ашылған жағдайда оны құнды жәдігерлермен қамтамасыз ету мүмкіндігі бар ма?

– Біздің бастамамыздың ең маңызды ерекшелігі де осында. Бізде музей экспозициясын қалыптастыруға негіз болатын жәдігерлер бар.

Иманжүсіпке тиесілі деп сақталып келген мылтық, шапан, ер-тоқым, белдік, қамшы, бәкі және басқа да ондаған тарихи бұйым белгілі. Бұлар – ұрпақтары көздің қарашығындай сақтап келе жатқан мұралар.

Әрине, музей қорына қабылданар алдында әр жәдігердің шығу тарихы, түпнұсқалығы, сақталу жағдайы мамандар тарапынан зерттелуге тиіс. Мәселен, Иманжүсіптің ер-тоқымы – жай ғана ат әбзелі емес. Ол арқылы қазақтың атқа міну мәдениетін, серілік дәстүрін, сол кезеңдегі қолөнерді таныстыруға болады. Шапаны арқылы киім мәдениетін, әлеуметтік ортасын, тарихи дәуірін түсіндіруге мүмкіндік бар. Сосын, музейдің құндылығы заттардың көптігімен ғана өлшенбейді. Оның құндылығы – әр заттың қандай тарихты сөйлете алатындығында.

Біз тиісті жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, ғимарат музей талаптарына сәйкестендірілген жағдайда экспозицияны жәдігерлермен қамтамасыз етуге атсалысуға дайынбыз. Ұсынысымыз бойынша, ғимарат пен музей қорына заңды түрде қабылданған жәдігерлер мемлекеттік музей жүйесінде сақталуға тиіс


Иманжүсіп мылтығы

– Бұл мәселені шешуді жеделдетудің қандай қажеттілігі бар?

– Уақыт бізді күтіп тұрмайды. Иманжүсіптің немересі, философия ғылымдарының докторы, осы әулеттің бас көтерері Раушан Нұрханқызы атасының мұрасын жинауға, зерттеуге, елге танытуға өмірінің үлкен бөлігін арнады. Кітаптар жазды, деректер жинады, куәгерлермен кездесті, әулеттік жәдігерлердің сақталуына үлкен еңбек сіңірді. Бүгінде апамыздың жасы ұлғайды. Денсаулығы да бұрынғыдай емес. Жақында тарихи орындарды бірге аралағанымызда мұны өз көзімізбен көрдік.

Қазір бізде аса маңызды мүмкіндік бар: тарихи бұйымдар сақталған, олардың шығу тарихын білетін адам бар, музейге бейімдеуге болатын ғимарат бар, бастаманы жүзеге асыруға ниетті азаматтар бар. Ертең осы мүмкіндіктердің біреуі немесе бірнешеуі жоғалуы ықтимал.

Жәдігердің өзі сақталғанымен, оның кімге тиесілі болғанын, қалай жеткенін, қандай оқиғамен байланысты екенін білетін адамның естелігі жоғалса, жәдігердің ғылыми құндылығының бір бөлігі де жоғалады.

Сондықтан ең алдымен Раушан апамыздың естеліктерін кәсіби аудио-бейне форматта жазып алу, әулеттік архивті цифрландыру, жәдігерлерді ғылыми сипаттау қажет. Бір адамның өмір бойы жинаған ұлттық мұрасын сақтауды сол адамның ғұмырымен шектеп қоюға болмайды. Оны ұлттың тұрақты мәдени институтына айналдыруымыз керек.

Сонымен қатар мен Раушан апамызды Иманжүсіптанудағы, ғылымдағы сіңірген еңбегі мен ерліктеріне орай мемлекеттік наградаға ұсынар едім. Астанада анда-санда марапат жауып тұратыны да әммеге аян.

– Бұл музейдің елорда үшін қандай маңызы болуы мүмкін?

– Астана – еліміздің саяси және әкімшілік орталығы ғана емес, ұлттық тарихи сананы қалыптастыратын басты мәдени кеңістіктердің бірі. Кез келген астананың құндылығы оның зәулім ғимараттарымен, сәулеттік келбетімен ғана өлшенбейді. Қаланың тарихи тереңдігі, мәдени жады, сол өңірде өмір сүрген тұлғалардың тағдыры да оның бірегей болмысын қалыптастырады.

Иманжүсіптің өмірі Ақмола өңірімен тығыз байланысты. Оның әндерінде Қараөткел, Күйгенжар, Есіл, Ерейментау, Сарыарқа кеңістігі жырланады.

Мәселен, оның:

– Ауылым Күйгенжарға қона алмайды,

Өткен күн қайта айналып оралмайды, – деген өлең жолдары бар.

Бұл жай ғана географиялық атау емес. Бұл бүгінгі Астананың айналасындағы жердің қазақтың тарихи және көркемдік санасында бұрыннан орны болғанын көрсететін мәдени дерек.

Біз елорданың тарихи негізін нығайту үшін кейде жаңа символдар іздейміз. Ал дәл іргемізде тарихи мазмұны қалыптасқан, шығармашылық мұрасы бар, нақты мекендермен байланысқан Иманжүсіптей тұлға тұр. Неге осы мүмкіндікті пайдаланбасқа? Астананың бір даңғылын неге Иманжүсіп Құтпанұлы деп атамасқа?

Болашақта «Иманжүсіп жолы» атты тарихи-мәдени туристік маршрут әзірлеуге болады. Елорда тұрғындары, мектеп оқушылары, студенттер, шетелдік туристер музейге барып, Құтпан жайлауымен, егер табылып жатса балуан таспен, әулеттік қорыммен таныса алар еді.

Бұл ішкі туризмге де, ұлттық ағартушылыққа да, өңірдің мәдени экономикасына да серпін береді.

– Сіздің түсінігіңіздегі Иманжүсіп музейі қандай болуы керек?

– Бізге есігі сирек ашылатын, бірнеше фотосурет пен ескі бұйым қойылған дәстүрлі музей ғана қажет емес. Бізге заманауи тарихи-мәдени және ағартушылық орталық керек. Әлемдік музей мәдениетінде келушіге затты көрсетумен қатар, оның тарихын сезіндіру, тарихи оқиғаның мәнін түсіндіру, адамды ойландыру маңызды орын алады.

Меніңше, Иманжүсіп музейінің ғылыми-экспозициялық тұжырымдамасын да соларға қарап, мынадай бірнеше бағытта қалыптастыруға болады.

Біріншісі – «Азаттық жолындағы үш буын». Тұрғанбай датқа, Құтпан және Иманжүсіптің тағдыры арқылы XIX-XX ғасырлардағы қазақ халқының азаттық жолындағы күресін таныту. Мәселен, Отырар ауданында осы үштікке арналған мемориал бар. Мұны да қаперге алған ләзім.

Екіншісі – «Даланың еркін дауысы». Иманжүсіптің әншілік, ақындық, композиторлық мұрасы. Оның әндерінің түпнұсқа мәтіндері, ноталары, әр кезеңдегі орындаушылары мен аудиожазбалары.

Үшіншісі – «Қазақтың күш мәдениеті». Иманжүсіптің балуандық, көкпаршылық, саятшылық өнері, қазақтың дәстүрлі дене мәдениеті мен серілік феномені.

Төртіншісі – «Қуғын-сүргін және тарихи әділеттілік». Патшалық және кеңестік кезеңдегі қудалаулар, архивтік құжаттар, сот істері, ақталу тарихы.

Бесіншісі – «Ұрпақ аманаты». Әулеттік жәдігерлер, Раушан апамыздың зерттеушілік қызметі, ұрпақтарының естеліктері және тұлға мұрасының бүгінгі қоғамдағы жалғастығы.

Музейде цифрлық архив, аудиогид, интерактивті тарихи карта, ән тыңдайтын арнайы кеңістік, ғылыми кітапхана, шағын дәріс залы болғаны жөн.

Бұдан бөлек қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі сапалы мазмұн әзірленсе, Иманжүсіптің тұлғасын халықаралық аудиторияға да танытуға болады.

Ең бастысы, музейдің ғылыми мазмұны тарихи дерек пен аңыздың, көркем бейне мен нақты өмірбаянның ара-жігін ажырата білуге негізделуі керек. Бізге тарихи тұлғаны әсірелеп көрсету емес, оның шынайы ұлылығын ашу қажет. Ал осының бәрінің кулиминациясында «Иманжүсіп» көркем фильмін түсіріп, көпшілікке паш етуге болады. Әзірге еліміздің театрларында қою үшін бір драма жазып қойғанымызды атап өткен жөн. 

– Сіз күш мәдениетін зерттеуші ретінде Иманжүсіп феноменін қалай бағалайсыз?

– Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында күш ұғымы тек адамның дене қуатымен өлшенбеген.

Күш – жауапкершілік. Күш – әлсізге қорған болу. Күш – әділетсіздікке қарсы тұра білу. Күш – ел басына күн туғанда өз мүддеңнен халық мүддесін жоғары қою. Иманжүсіптің бойында осы қасиеттер тоғысқан.

Қазақтың батырлары мен балуандарының ерекшелігі – олардың көпшілігі физикалық қуатымен қатар, рухани және шығармашылық қабілетімен де дараланған. Белгілі болғандай, Балуан Шолақ ән шығарған. Иманжүсіп те ақын әрі композитор болған. Мұндай тұлғалар қазақтың күш мәдениетінің біртұтас дүниетанымдық жүйе болғанын көрсетеді.

Меніңше, бүгінгі қоғамда «рухани палуан» ұғымын қалыптастырудың маңызы зор. Рухани палуан – өз күшін өзгеге үстемдік жүргізуге емес, қоғамға қызмет етуге жұмсайтын адам.

Әрине, Иманжүсіптің өміріндегі барлық әрекетті бүгінгі заманға сол күйінде үлгі ету дұрыс болмас еді. Оның өмір сүрген кезеңі, саяси жағдайы, қоғамдық қайшылықтары мүлде басқа болды. Бірақ оның бойындағы еркін ойлау, азаматтық батылдық, намыс, әділеттілікке ұмтылу секілді қасиеттердің тәрбиелік мәні ешқашан жоғалмайды. Бүгінгі жасқа Иманжүсіптің жұдырығы ғана емес, жүрегі де, дүниетанымы да, азаматтық ұстанымы да қажет.

– «Baluan tas» ұйымы бұған дейін де музей ашу бастамаларымен айналысқан екен. Осы тәжірибеге тоқталсаңыз.

– Ұйымымыздың «Алыптар музейін ашу» атты жобасы бар. Оның аясында ұлттық тарихымыздағы көрнекті тұлғалардың мұрасын жинақтау, зерттеу және қоғамға таныту жұмыстарымен айналысып келеміз.

Жуырда елордада қазақтан шыққан тұңғыш кәсіби дипломаттардың бірі, мемлекет және қоғам қайраткері Нәзір Төреқұлұлының ғұмырнамасына арналған тақырыптық музей аштық. Ғылыми конференция өткіздік, Нәзір Төреқұлұлы атындағы мектептердің өкілдерін жинадық, үздік оқушыларға демеушілер тарапынан бір жылдық шәкіртақылар тағайындалды. Түркістандағы музейінің көшпелі көрмесі ұйымдастырылып, «Нәзір Төреқұлұлы жолы» атты деректі фильм көпшілікке ұсынылды. Осы тәжірибе тарихи тұлғаны ұлықтау ісінің бір ғана музей ашумен шектелмеуге тиіс екенін көрсетті.

Музей, кітап, деректі фильм, ғылыми зерттеу, мектептегі ағартушылық жұмыс, театр, жастар жобалары – барлығы бір мақсат-мұратқа қызмет етуі керек.

Иманжүсіпке қатысты да осындай кешенді жұмысты қолға алдық. Оның өмір жолына арналған роман мен театрлық пьеса жазуға бастама көтердік. Мысалы, Раушан апа қолында да құнды бірнеше нұсқа бар. Одан қалса, Мемлекеттік басқару академиясында және Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде бірқатар іс-шара өткіздік. Алдағы міндет – осы бастамалардың барлығын жүйелі әрі ұзақмерзімді мәдени жобаға айналдыру.

Өйткені мерейтой аяқталады, конференция өтеді, гүл шоқтары солады. Ал тұрақты мәдени институт ұрпақтан ұрпаққа қызмет етеді.

– Еліміздегі тарихи тұлғаларды ұлықтау саясатына қандай өзгерістер енгізу қажет деп ойлайсыз?

– Бізге тарихи тұлғалардың мұрасын сақтау ісінде реактивті тәсілден жүйелі тәсілге көшу керек. Қазір көбіне белгілі бір тұлғаның мерейтойы жақындағанда ғана қозғала бастаймыз. Комиссия құрамыз, конференция өткіземіз, кітап шығарамыз. Мерейтой аяқталған соң тақырыптың өзектілігі төмендейді. Ал тарихи мұра күнтізбелік науқанға тәуелді болмауға тиіс. Меніңше, Қазақстанда тарихи тұлғаларға қатысты материалдық және материалдық емес мұралардың кешенді ұлттық тізілімін қалыптастыру қажет.

Қай тұлғаның жеке заттары қайда сақталған? Қайсының қолжазбалары жоғалу қаупінде тұр? Қай тарихи тұлғаның туған үйі, қонысы, жерленген жері, пайдаланған бұйымдары анықталған? Қандай жәдігерлер жекеменшік қолында? Қайсысының ұрпақтарында құнды естеліктер бар? Осы сұрақтарға жүйелі түрде жауап іздеуіміз керек.

Біз жер қойнауындағы табиғи байлықтарымыздың қорын есептейміз. Ал ұлттық тарихи жадымыздың қорын қаншалықты түгендеп жүрміз?

Мәдени мұра да – капитал. Ол ұлттың символдық капиталы, рухани капиталы, тарихи капиталы. Оны сақтай алмаған қоғам өзінің болашақ ұрпағына қалдыратын мүмкіндіктерін де азайтады.

– Сіздер еліміздің жоғары мемлекеттік лауазым иелеріне арнайы хат жолдадыңыздар. Онда қандай нақты ұсыныстар айтылды?

– Біздің ұсынысымыз түсінікті және жүзеге асыруға болатын нақты бастама.

Біріншіден, Ақмола облысы Аршалы ауданының Жібек жолы ауылындағы бұрынғы Иманжүсіп Құтпанұлы атындағы мектептің екі қабатты ғимаратының құқықтық және техникалық жағдайын анықтап, оны музейге бейімдеу мүмкіндігін қарастыру.

Екіншіден, тиісті жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізіп, музей инфрақұрылымын қалыптастыру.

Үшіншіден, Иманжүсіпке қатысты жәдігерлерді ғылыми сараптамадан өткізіп, заңды түрде мемлекеттік музей қорына қабылдау жұмыстарын ұйымдастыру.

Төртіншіден, Құтпан жайлауы, тарихи теректер мен әулеттік қорымды ғылыми зерттеп, олардың тарихи-мәдени мәртебесін айқындау.

Бесіншіден, Астана қаласы мен Ақмола облысының әкімдіктері бірлесіп, осы нысандарды қамтитын тарихи-мәдени маршрут қалыптастыру.

Біз мемлекетке барлық жұмысты артып қойып, сырттай бақылап отырғымыз келмейді. Өз тарапымыздан ғылыми, ұйымдастырушылық, ағартушылық және экспозициялық жұмыстарға атсалысуға дайынбыз.

Мемлекеттік органдардың, ғалымдардың, музей мамандарының, Иманжүсіп ұрпақтарының, кәсіпкерлердің және қоғам белсенділерінің күшін біріктірсек, бұл жобаны сапалы жүзеге асыруға болады.

– Сұхбатымызды қорытындылай келе, осы бастаманың түпкі мақсатын қалай тұжырымдар едіңіз?

– Иманжүсіптің өзі бүгін біздің музейімізге мұқтаж емес. Ол өзінің тарихи міндетін атқарып кетті. Өнерін қалдырды, азаматтық ұстанымынан айнымады, тағдырдың ауыр сынақтарын бастан өткерді. Музей бізге қажет. Біздің балаларымызға, немерелерімізге, келешек ұрпаққа қажет.

Бала музейге кіріп, Иманжүсіптің шапанын, ер-тоқымын көріп, әнін тыңдап, Тұрғанбай датқаның тағдырын, Құтпанның күрес жолын танып шыққанда, тәуелсіздіктің қадірін басқаша түсіне бастайды.

Өйткені тәуелсіздік – тек саяси-құқықтық ұғым емес. Оның артында нақты адамдардың тағдыры, күресі, көз жасы, төгілген қаны, үзілген ғұмыры жатыр.

Бір кездері Тұрғанбай датқаның шаңырағы қырғынға ұшырады. Оның кішкентай ұлы жыраққа кетуге мәжбүр болды. Кейін сол баланың ұлы Иманжүсіп те қуғын-сүргін көріп, туған елінің топырағында ажал құшты. Үш буынның аңсаған азаттығы бүгін бізге бұйырды.

Ендеше, сол азаттықтың қадірін ұрпағымызға түсіндіру үшін олардың тарихын сақтауға тиіспіз.

Иманжүсіп музейін ашу – өткенге тағзым ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Тәуелсіздік үшін күрескен тұлғалардың есімін тәуелсіз елдің өзі ұлықтамаса, оны біз үшін басқа кім ұлықтайды?

– Әңгімеңізге рақмет!

Динара Нұрболат

评论
其他材料