Атырауда өзін «хакер» ретінде таныстырған ер адамға қатысты іс қозғалды

53
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VN18GKK2ZLWeNQQyvYBGEV808tlRfU3LIGpRE6cz.jpg

Фото: ЖИ

Атырау қаласының №2 соты бірнеше рет ірі мөлшерде бөтеннің ақшасын жымқырды деп айыпталған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Сот мәліметінше, ол ақпараттық жүйені пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, алаяқтық жасаған.

Соттың ресми дерегіне сәйкес, айыпталушы 2022, 2024 және 2025 жылдары 12 адамды алдап, жалпы сомасы 13 млн 361 мың теңгені иемденген.

Ол азаматтарға түрлі қызмет ұсынып, көмек көрсетуге уәде берген. Атап айтқанда, IT курстарын ұйымдастыруды, әлеуметтік желілердегі бұғатталған аккаунттарды ашуды, Jetu такси қосымшасына салынған инвестицияны көбейтуді және тұрақты табыс табу жолдарын үйретуді ұсынған. Сондай-ақ инвестициядан пайда түсіруге, тауар жеткізуге және интернет-алаяқтарға аударылған ақшаны қайтаруға көмектесетінін айтқан.

Алайда уәделерін орындамай, азаматтардан алған қаражатты өз қажетіне жаратқан. Оның кінәсі жәбірленушілер мен куәгерлердің айғақтары, тергеу әрекеттерінің хаттамалары және заттай дәлелдемелер арқылы расталған.

Сотталушының бес кәмелетке толмаған баласы бар екені жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде ескерілген. Ал ауырлататын мән-жайлар анықталмаған. Сонымен қатар ол кінәсін мойындап, шын жүректен өкінген және келтірілген материалдық шығынның 10 млн 392 мың теңгесін өтеген.

Сот оған 4 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған. Алайда 2026 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының жаңа Конституцияның қабылдануына байланысты рақымшылық жасау туралы заңы негізінде жаза мерзімі төрттен біріне қысқартылып, түпкілікті 3 жыл 6 ай болып белгіленген.

Айта кетейік, сотталушы әлеуметтік желілерде «Атыраулық хакер» деген атпен де танылған. Ол 2025 жылдың желтоқсанында Атырау облысында із-түзсіз жоғалған отбасыға қатысты өз бетінше «тергеу» жүргізгенін айтып, әлеуметтік желілерде бейнежазбалар жариялаған.

Кейін Атырау облысының полиция департаменті оның жариялаған деректеріне қатысты пікір білдіріп, қаржылық аударымдарды анықтағаны және жүргізген тергеуі туралы мәлімдемелері шындыққа сәйкес келмейтінін хабарлаған.

Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.

评论