14 сәуір күні «Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Ақтөбе облысы бойынша ортағасырлық ескерткіштерді зерттеу» деген тақырыппен тендер жариялап, облыс қазынасынан 29 017 857.14 қаржы бөлген, - деп хабарлайды Адырна ұлттық порталының тілшісі goszakup.gov.kz/ сайтына сілтеме жасап.
Тендерді Әлкей Марғұлан атындағы археология институты жеңіп алған. Техникалық сипаттамада «Ақтөбе облысының ортағасырлар ескерткіштерін зерттеу» жобасының аяқталу мерзімі 30 қараша деп тайға таңба басқандай көрсетілген. Яғни, ғалымдар 2-2,5 айдың ішінде Қобда, Темір, Хромтау, Мұғалжар аудандарында далалық археологиялық зерттеулерді жүргізіп үлгеруі керек деген сөз.
Осы екі айлық мерзім ішінде ғалымдар:
- Батыс Қазақстандағы орта ғасырлардағы тарихи-мәдени процестерді қайта жаңғыртып, көшпелі және отырықшы халықтың ескерткіштерін зерттейді;
- Мұғалжар, Хромтау, Қобда және Темір аудандарында далалық археологиялық барлау жұмыстарын жүргізеді;
- Облыстағы орта ғасыр дәуіріндегі жерлеу, қоныстану, діни-ғибадат сипатындағы археологиялық объектілерді анықтап, тіркеуге алады;
- Ескерткіштерді картаға түсіреді;
- Әрбір ескерткішті нақты тексереді (жергілікті жердегі ескерткіштерге егжей-тегжейлі талдау жасап, мұрағат материалдарын пайдалана отырып, ғылыми есептер жасап, археологиялық әдебиеттерді зерделейді);
- Ескерткішке фото, видеоға түсіреді (неғұрлым жарқын және тірек ескерткіштерде ортофотоплан жасау үшін аэрофототүсірілім жүргізу);
- Тарихи жәдігерлерді паспорттау үшін ескерткіштердің координаттарын айқындайды;
- Ескерткіштердің сипаттамасын жасау (шарттары өте көп);
- Этнографиялық деректерді тарта отырып, орта ғасыр ескерткіштеріндегі далалық археологиялық қазбалар жүргізеді; (Абат-Байтақ кешені округінде, Оркаш қорымында, Ойсылқара және Моңғолсай киелі жерлері округінде, Тасқұдық және Көптам қорымдарында, т.б).
Қанат БІРЛІКҰЛЫ,
"Адырна" ұлттық порталы