Белгілі публицист, саясаттанушы, қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам қайтыс болды, деп хабарлайды "Адырна" тілшісі.
Ардагер журналист 78 жасқа қараған шақта өмірден өтті.
Қоғам қайраткерінің өмірден өткенін жақындары мен ел азаматтары хабарлады.
Ғабиден Жакей Facebook желісіндегі парақшада:
"Ұстазым - Сейдахмет Құттықадам ағам мәңгілік мекеніне кетіпті... Иманы саламат болсын", - деп жазды.
Журналист Мәди Манатбек Instagram желісіндегі парақшада:
“Сейдахмет Құттықадам жазған әр кітабында, берген әр сұхбаты мен зерттеуінде демократия құндылықтарын насихаттайтын. Қатты айтса да анығын айтып, мемлекетті басқарудың мансап қана емес қоғам алдындағы үлкен жауапкершілік екенін, сондықтан ел билегендердің ең алдымен жанашыр болуы керектігін жете түсіндіретін”, – деп жазды.
Түркістанның тумасы еңбекжолын дипломатиялық қызметтен бастаған болатын. Кейіннен республикалық басылымдардың – «Арай» журналының, «Время-Дәуір» және «Эпоха» газеттерінің бас редакторы қызметінде болды.
Ал өткен ғасырдың 90-шы жылдары сол кездегі режимді және Назарбаевтың отбасын қатаң сынай бастаған белсенділердің бірі болды.
Қайраткер көзі тірісінде «Вызов времени», «Миражи и реалии», «Служение нации» атты кітаптарды жазды.
Басқалармен бөлісе
отырыңыз