Қара шаңырақтан қанат қаққан қайсар қыз

1865
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/05/7a5b1abe-c449-4dc0-86e4-8f57a8c2994d-960x500.jpeg?token=df6b66df4f7ea5982aebd9734b2523eb

Бөкетов зерттеу университеті өмірден өз орнын тапқан әр түлегін мақтан тұтады. Осыдан бірер күн бұрын Тарих факультетінің түлегі Зарина Әшірбек ҚР Президенті жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мүшесі атанды. 2016—2020 жылдар аралығында университеттің бетке ұстар студенті атанған шәкірт күні кеше білім алған оқу ордасына бас сұғып, университеттің бүгінгі тыныс-тірлігімен танысты, жастармен сұхбаттасты.

“ Араға бес жыл салып, өзіміз тәлім алған киелі қара шаңыраққа келіп, қонақ болып жатырмыз. Бес жылда өте көп өзгеріс енгізілген екен. Бір қуантқаны, жастарға жанашыр, жаңашылдыққа жаны құштар университетіміздің реформатор ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор, алаштанушы ғалым Нұрлан Орынбасарұлы бастаған үлкен ұжымның бастамасымен білім ордасында ғылымға айрықша көңіл бөлініп, жастардың студент кезден ғылыммен айналысуына алғашқы мүмкіндіктер жасалып жатыр екен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы айтпақшы: «Ғылымды дамыту — еліміз үшін стратегиялық маңызы бар басымдық. Әсіресе дарынды, қабілетті жастардың ғылыммен айналысуына жағдай жасау өте маңызды». Осы игі мақсатты іске асыру жолында университет аумағында озық ойлы жастарымыздың ғылыммен шұғылдануына жол ашқан тың бастама — арнайы ғылыми технопарк ашылғанына ерекше қуандым. Жаңадан ашылған технопаркке университеттің қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосып, оқу ордасын жаңа белестерге жетелеген қайраткер ғалым, ректор, профессор Жамбыл Сәулебекұлының есімінің берілуі де тарихи сабақтастықтың жарқын көрінісі. Жастарымызға осындай ел үшін аянбай тер төгіп, ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсетіп, артынан өшпес із қалдырған ғалым аталарының жолын берсін деп тілеймін. Ғылыми технопаркті аралау барысында жас өнертапқыштардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көріп, ерекше әсер алдық. «Ғылыми жаңалық ашқымыз келеді, отандық өнім шығарғымыз келеді», — деп алдына биік мақсат қойған студенттеріміздің, магистранттарымыздың талабы оң, болашағы жарқын болғай”, дейді Зарина. 

Сондай-ақ, ол университет қабырғасында  экологиялық әрі маңызды ғылыми жоба іске асып жатқанына қуанышын жасырмады.

“Әр корпус тың серпін, жаңаша тыныс алып, өз бағытын айқындап, дамудың жаңа сатысына көтеріліп келеді. Биология-география факультетіндегі жерасты термос-жылыжайында болдық. Шынымды айтсам, қатты таңғалдым. Университет қабырғасында осындай экологиялық әрі маңызды ғылыми жобаның іске асып жатқаны көңіл қуантады. Жылыжайда көкөністер мен гүлдер жайқалып өсіп тұр. Тіпті қарбыздың өзі өсіп жатыр екен. Бұл жылыжай — студенттердің теорияны тәжірибемен ұштастырып, білікті маман болуына жол ашатын маңызды алаң болатыны сөзсіз.

Филология факультетіндегі заманауи жабдықталған кітапхананы да көрдік. Бүгінде мемлекетіміздің алға қойған басты мақсаты — кітап оқитын ұлт қалыптастыру. Ғылым-білімге, өнерге құштар, әлемдік деңгейде өзін танытып, өркениетті елдермен иық тірестіре алатын прогрессивті ұлт қалыптастыру — Алаш қайраткерлерінің де басты идеясы болды. Осы мақсатты ұстана отырып, университет басшылығы ұжыммен бірлесе жастарымыздың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасап, үлкен мүмкіндік беріп жатқанына ризамын.

Биыл Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың отырысында Мемлекет басшысы: «Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек», — деп атап өтті. Бүгінде Алаш аңсаған рухы биік, ойы озық, санасы ояу, ұлттық тәлім-тәрбиемен сусындап, ұлттық құндылықтарымызды бойына сіңірген алғыр, білімді, намысшыл, отансүйгіш жас ұрпақ тәрбиелеу — баршамызға ортақ міндет. Өзім түлеп ұшқан қара шаңырақ — Тарих факультетін «өмірімді өзгерткен сиқырлы орта» деп атаймын. Бала күнімнен журналист болуды армандасам да, тағдыр мені Тарих факультетіне жетелеп әкелді. Сөйтсем, бұл жай кездейсоқтық емес, өмірлік миссиямның бастауы екен. Тарих факультетінде тәлім алған әрбір студент өмірге қайта келгендей, үлкен бір «перезагрузкадан» өтеді. Еліміздің сан ғасырлық тарихымен танысу арқылы тарихи санасы қалыптасады. Бойымыздағы отансүйгіштік, елімізге, жерімізге, халқымызға деген махаббат Тарих факультетіне түскеннен кейін оянды. Азаматтық ұстанымым мен өмірлік көзқарасым дәл осы факультетте айқындалды”, деи сөзін жалғастырды Зарина Әшірбек.

“Студент атанған сәттен бастап біз ата-бабамыздан қалған асыл мұра — төл тарихымыз, салт-дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз, мәдениетімізбен танысып, түп-тамырымызға оралып, ұлтымыздың болмысын тереңірек тани түстік. Еліміздің көптеген қасиетті жерлерін аралап, ішкі туризм ошақтарымен танысып, өмірлік азық болар мол рухани байлыққа кенелдік. Археологиялық экспедицияларға қатысып, табиғатпен үндестік таптық. Тарих факультеті — тек білім ордасы емес, санамызға сәуле түсіріп, бойымызға ұлттық рух дарытқан, елге адал қызмет етудің маңыздылығын ұғындырып, адами болмысымызды қалыптастырып, дара жолымызды айқындап берген қасиетті қара шаңырақ. Ұстазымыз Нұрсахан Ахметқызының: «Тарих пен әдебиет егіз. Оларды бір-бірінен бөліп, ажыратуға болмайды. Екеуі бір-бірімен қабысып жатқан — халқымыздың рухани тірегі, еліміздің маңызды саласы. Тарих — барлық ғылымның атасы» деген сөзі есімде ерекше сақталып қалыпты. Біз қалай Тарих факультетіне түстік, мәдениетті де, өнерді де, әдебиетті де, саясатты да, философияны да меңгердік. Жан-жақты әмбебап маман болып қалыптастық. Жазуды да үйрендік. Ең алғашқы ғылыми және публицистикалық мақалаларым жарық көрді. Халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференциялар мен пәндік олимпиадалардың жүлдегері болдық. Үздік студент атанып, Президенттік стипендия иегері болдым. Күні бүгінге дейін жеткен жетістіктеріміз — ұстаздарымның қажырлы еңбегінің жемісі, бізге артқан зор сенімі деп білемін.

Тарих факультетінің бір ерекшелігі — ұстаздарымыз қай пәнді оқытпасын, біздің тұлға ретінде қалыптасуымызға үлкен жол салып берді. Ұстаздарымыз: «Сендер тек студентпін деп ойламаңдар. Ертеңгі күні әрқайсыларың елге, ұлтқа қызмет етесіңдер. Сондықтан сабақ оқығанда да, белгілі бір тақырыпты қорғағанда да баға үшін оқымаңдар. Мемлекеттік маңызды жобаны қорғап жатырмын, өзімнің ғылыми жаңалығымды ашып жатырмын, өзіндік ой-пікірімді ортаға салып жатырмын деп ойлаңдар. Жеке тұлға болып қалыптасыңдар. Оқып, жаттап келгендерің қызық емес, өздеріңнің жеке ойларың қалыптасуы керек» дейтін. Міне, жастардың бойындағы жасырын потенциалын дер кезінде байқап, қарым-қабілетін шыңдап, дұрыс бағыттай білетін осындай нағыз ұстаздар көп болса екен деп армандаймын. Біздің жеке тұлға ретінде қалыптасуымызға жол ашқан осындай мықты ұстаздардың шәкірті болу — үлкен бақыт. Бүгінгі жастар рухани ізденіске көп көңіл бөлуі керек деп ойлаймын. Өзін жеке тұлға ретінде өсіретін орта тауып, өзіне үлгі болатын аға-әпкелердің қолдауымен ғана адам биік жетістіктерге жете алады. Кейде өзі де сезбеуі мүмкін, бірақ кейін қалай рухани толысқан адамға айналғанын өзі де білмей қалады. Жақсы адамдардың ортасында жүргеннен кейін өзі де тұлға болып қалыптасады. Сол себепті жастарымыз атақ, қызметке емес, дамушы орта табуға ұмтылса екен деп тілеймін. Бізді ел қатарына қосып, өмірден өз жолымызды табуымызға мол мүмкіндік берген сүйікті университетіме, ардақты ұстаздарыма алғысым шексіз! Сіздердің жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы ерен еңбектеріңіздің алдында басымды иемін. Жасай бер, жарқырап жайнай бер, бағымды ашқан университетім”, деді Зарина Әшірбек. 

评论
其他材料