Үлкен Алматы айналма автожолының (ҮАААЖ) ақылы бөліктеріне төлем тарифтері қаншалықты және не себепті өзгереді? Бұл туралы Қазақстан Республикасы Көлік министрлігі Centralmedia24 редакциясының сұрауына жауап бере отырып, түсіндірді, деп хабарлайды “Адырна”.
Министрлік «Ашық НҚА» порталында ҮАААЖ бойынша жүру ақысының мөлшерін өзгерту туралы бұйрық жобасын жариялағанымен, нақты мәліметтер келтірілмеген. Осыған байланысты Centralmedia24 редакциясы министрлікке нақтылаушы сұрау жолдаған. Министрліктің түсіндіруінше, 66 шақырымдық ҮАААЖ бойынша жүру ақысы айлық есептік көрсеткішке (АЕК) және көліктің жолда болған уақытына байланысты есептеледі.
Жаңа жоспарланған тарифтер келесідей:
- жеңіл автокөліктер үшін – 0,14 АЕК (550,48 теңге), бұрынғысы – 0,07 АЕК (275,24 теңге)
- 16 жолаушыға дейінгі автобустар және 2,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,16 АЕК (629,12 теңге), бұрын – 0,08 АЕК (314,56 теңге)
- 32 жолаушыға дейінгі автобустар және 5,5 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,28 АЕК (1100,96 теңге), бұрын – 0,14 АЕК (550,48 теңге)
- 32 жолаушыдан асатын автобустар және 10 тоннаға дейінгі жүк көліктері – 0,32 АЕК (1 258,24 теңге), бұрын – 0,16 АЕК (629,12 теңге)
- 10-15 тонна аралығындағы жүк көліктері – 0,4 АЕК (1 573,8 теңге), бұрын – 0,2 АЕК (786,4 теңге)
- 15 тоннадан асатын жүк көліктері – 0,44 АЕК (1 727,88 теңге), бұрын – 0,22 АЕК (865,04 теңге)
Сонымен қатар, Талғар, Қарасай және Іле аудандарының елді мекендерінде тіркелген көлік иелері үшін айлық немесе жылдық абонемент болған жағдайда, ҮАААЖ арқылы жүру құны осы абонементтің болуына байланысты есептеледі. Бұл абонементтердің құны өзгермейді.
Қазіргі таңда абонемент бағасы келесідей:
– айлық абонемент – 0,5; 0,6; 1; 1,5; 2; 2,5 АЕК (көлік санатына байланысты)
– жылдық абонемент – 5; 6; 10; 15; 20; 25 АЕК
Жеңілдіктер мен төлем шарттары
Министрлік жеңілдікпен төлеу мерзімі 15 күннен 7 күнге қысқаратынын хабарлады. Сонымен бірге, жаңа жобада мынадай жеңілдіктер қарастырылған:
- алдын ала төлем жасаған жағдайда, яғни жол ақысын төлемді участокке кірмей тұрып жүргізсе – тарифтің 50% жеңілдігі беріледі
- кейін төлеу – жолдан өткеннен кейін 7 күн ішінде төлем жүргізілсе де 50% жеңілдік қарастырылған
Бұл өзгерістердің басты себебі – жол ақысын уақтылы төлеуге ынталандыру және қолданушылардың төлем кешіктірмеуін қамтамасыз ету.
Министрлік бұл шаралар жолақы төлеу жүйесімен пайдаланушылардың өзара әрекетін жеңілдетуге бағытталғанын және Жоғары аудит палатасының ұсынымдарына сәйкес енгізілгенін айтты. Түскен қаражат республикалық бюджетке бағытталады.
Centralmedia24 редакциясы ҮАААЖ арқылы жүруден жыл сайын қанша қаражат түсетінін нақтылап сұраған. Алайда министрлік бұл мәліметтерді жолды пайдалануға және оны басқаруға жауапты концессионер иелігінде екенін айтып, нақты ақпарат бере алмады.
Сондай-ақ, ведомство ҮАААЖ-ның техникалық жағдайы жақсы екенін және капиталдық жөндеуді қажет етпейтінін атап өтті.
Айта кетсек, ҮАААЖ құрылысы 2014 жылы басталады деп жоспарланған, 2018 жылы аяқталуы керек еді. Алайда нақты құрылыс жұмыстары тек 2019 жылы басталып, 2023 жылы аяқталды. Жолды «БАКАД Инвестиции и Операции» ЖШС концессионері басқарады.