Біріккен Ұлттар Ұйымы күні қарсаңында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ әл-Фарабидің 1150 жылдығына, БҰҰ-ның 75 жылдығына, БҰҰ Өркениеттер альянсының 15 жылдығына және БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының 10 жылдығына арналған ғаламдық конференция өткізді. Конференция Бас хатшы Антонио Гутерриштің БҰҰ-ның 75 жылдығына орай әлемдік қоғамдастыққа арнаған бейнеүндеуімен ашылды. БҰҰ Бас хатшысы үндеуінің негізгі лейтмотиві – бейбіт өмір үшін бірігуге шақыру болды. Жаһандық ынтымақтастық пен әріптестік адамзат алдында тұрған орасан зор қиындықтарды еңсеруге және жарқын болашақ құруға қолғабыс етеді. Осы негізгі тұжырым мен «Бейбіт өмірге арналған сана» конференциясының тақырыбы ұлы ойшыл әл-Фарабидің қайырымды қоғам құру үшін адамдарды біріктіру идеяларымен үндес. Халықаралық онлайн-кездесуде БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фабрицио Хохшильд-Драммонд, БҰҰ Өркениеттер Альянсының жоғары өкілі Мигель Анхель Морратинос, БҰҰ «Академиялық ықпал» бағдарламасының жетекшісі Раму Дамодаран, ҚР Сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев құттықтау сөз сөйледі. Әл-Фарабидің шығармашылық мұрасын әлемдік азаматтық және тұрақты даму жөніндегі БҰҰ бағдарламаларымен синергия тұрғысынан қарастыруға бағытталған жоғары деңгейдегі іс-шара БҰҰ құрылымдары мен бағдарламаларының басшылары, әлемге танымал ғалымдар, белгілі мемлекеттік және қоғам қайраткерлері, академиялық қоғамдастық пен БАҚ өкілдерінің басын қосты.
Нью-Йорктен халықаралық онлайн-кездесу қатысушыларын қарсы ала отырып, БҰҰ Өркениеттер альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Морратинос мерейтойлық конференцияда баршамен бірге болу ол үшін үлкен мәртебе екенін баса айтты. Әл-Фараби: «Тәрбиесіз, адамгершілік қағидатсыз білім пайданың орнына, зиян келтіруі мүмкін» деп айтып өткен. Философтың бұл дәйексөзі дүниежүзіндегі азаматтық білім берудің ғаламдық бағдарламаларына сенім артуға болатын негіз. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғаламдық азаматтықты қолдай отырып, ұлы гуманист мұрасын қабыл алды. БҰҰ Өркениеттер альянсы университетпен серіктестігін және біз бірлесіп алға жылжытатын ортақ құндылықтарды мақтан тұтады», – деді Мигель Анхель Морратинос.
Академиялық қоғамдастықтың атынан негізгі спикер ҚазҰУ ректоры, академик Ғалым Мұтанов болды, ол білім мен руханият интеграциясы негізінде жастарды әлемдік азаматтық пен адамзаттың тұрақты дамуы рухында тәрбиелеу миссиясы ерекше стратегиялық мәдени әлеуеті бар университеттерге жүктелетінін атап өтті. БҰҰ бағдарламасының Ғаламдық хабы ретінде ҚазҰУ жаңа буын университетін – «Университет 4.0» дамытудың өзіндік моделін әзірлеп жүзеге асыруда. Ол тек өзі үшін ғана емес, бүкіл адамзаттың тағдыры үшін жауапты, жоғары рухани-адамгершілік құндылықтарға ие ел және әлем азаматтарын қалыптастыруға бағытталған. Нью-Йоркте БҰҰ-ның штаб-пәтерінде ұсынылған бұл модельді халықаралық деңгейде кеңінен тарату ұсынылды.
Конференцияда сонымен қатар Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан бойынша ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросының директоры Криста Пиккат, БҰҰ-ның Жаһандық коммуникациялар департаментінің Қазақстандағы өкілі Властимил Самек, Түркиядағы Өркениеттер Альянсының үйлестірушісі Бекир Карлыга, Кастилья-Ла-Манча университетінің (Испания), Афинаның Каподистрия атындағы ұлттық университеті (Греция) және әлемдегі басқа университеттердің өкілдері сөз сөйледі. Халықаралық кездесуге қатысушылар қауіпсіздікті, адамзаттың бейбіт және тұрақты дамуын қамтамасыз ету мақсатында күш-жігер біріктіру қажеттілігі туралы ортақ пікір білдірді. Осы орайда, ұлы философ әл-Фарабидің гуманистік мұрасы ерекше өзектілікке ие екендігін атады. Бұл үдерісте жастардың және академиялық қоғамдастықтың үлкен рөлін алға тарта отырып, конференцияға қатысушылар ҚазҰУ ректорының БҰҰ-ның жаһандық азаматтық тұжырымдамасына сәйкес «Университет 4.0» деңгейіне қол жеткізу үшін әлем университеттерін біріктіру жоспарын бірлесіп қарастыру туралы ұсынысын қолдады.



