Уақытында Жалаңтөс баһадүр билеген қала атымен
қоса айтылатын осы сөз оралымы
өзбек ағайынның арасында ұшырасады ма екен?
Зерттеушілердің пайымынша, Өзбекстанның Самарқан облысының қышлақтарында ежелгі Соғдының отырықшылық дәстүрі мен көшпенді түркі халықтарының байырғы салт-санасы үш мыңжылдық мезгіл мұғдарында өзара кірігіп кеткен көрінеді. Бұл аймақта күн мен түн теңелген сәтте қыстың қауқары қайтып, көктемнің көрігі қызады. Алқаптарға дән себіліп, бау-бақшада жеміс ағаштары шешек атады. Таудан төмен жүйткіген үлкенді-кішілі өзендер еріген қардың есебінен арнасынан атқып, жүлге бойлап жайылады. Шабындықтарда көк майса шөптің исі аңқып, табиғат тыңнан тыныс ашады.Күнді кие тұтқызып, отқа сыйынтқан Зәрдөш дәстүрі салтанатқа толы сипатымен жарық пен жылудың, жаралу мен жаңарудың мерейін үстем етеді. Содан да шығар, Әму мен Сыр арасына терістіктен ат сабылтқан көшпенділер, түстіктен ірге тепкен мұсылман қоныскерлері бітімшілікке барып, осы ұлық мейрамнан барқадар байыз тапқан. Мемлекеттік мәртебе берген.

Келіншектер мерекелік ең басты тағам – сүмелек жасау үшін күні бұрын бидайдың ұрығын егеді. Оның қалай бой тартқанына қарап болашақ астықтың бітігін болжайды. Наурыз келерде бидайдың өскінін ағаш ыдысқа салып ұнтап, қайнардың суымен қанықтырады да, астына баяу от жағылған үлкен қазанның ішінде қайнатады. Үстіне ұн қосады және сабы ұзын ағаш қасықпен араластырады.Тағам күйіп кетпеуі үшін тау өзенінің ұсақ тастарын немесе қабығы шағылмаған грек жаңғағын міндетті түрде 21 түйір етіп салады. Ошақтың басына тек әйелдер ғана жіберіледі. Олар ән шырқайды, би билейді, әзіл айтысады, өлең шығарысады. Рәсім алты-жеті, кейде тоғыз-он сағатқа созылады. Дайындалып, таң асырылған қоңыр түсті дәмді тағам қант қоспай-ақ тілді үйіреді және дәрумендерге бай болады.

Еркектер жағы бұл кезде семіз қойдың етінен өзгеше бір тағам - халим немесе халиса пісіреді. Мұнан бөлек, тандырдан шыққан жас жалбызды самса мен айрықша құрамды палау арнайы тоқыма жапқыш төселген дастарқанның сәнін келтіреді.Наурыздың қарсаңында «жерге ұрық қадау» («ерга уруг кадаш») деп аталатын сүдігер мерекесі өткізіледі. Қышлақтың бүкіл тұрғыны егіс танабына шығып, ел ақсақалы соқаға жұп өгіз жегеді де, мүйіздеріне ашық түсті шүберек байлайды. Содан соң алқапқа алғашқы түрен түседі. Жыртылған жердің бойымен жалаңаяқ сәби тәй-тәй қадам басады. Мұнан кейін ауыл-аймақтың ең сыйлы адамдары атызға бидайдың дәнін шашады. Осы күннен бастап жеміс-жидек егуге де рұқсат етіледі.
Ал шабандоз жігіттер купкари (көкпар) тартысуға дайындалып, жылқыларын баптайды. Самарқанның маңында – Ургут (Іркіт) түменіне жақын жерде Туфхона және Ақтауға таяу тұста Кошрабад деп аталатын танымал мекендер бар. Міне, тап сол орындарда Наурыз мейрамының шырқау шегі – купкари сайысы өтеді. Жалпы, кәрі тарихқа жүгінсек, бірде-бір той, бірде-бір жәрмеңке, тіпті ханның таққа міну салтанаты осы купкарисыз болмаған.Купкари үлкен ғұрыптық мән иемденіп, жас жігіттерді бақташылық пен жаугершілікке баулудың салтына айналған. Жеңімпаздарға түйе байлаған, ат мінгізген, қой жетектеткен немесе басқалай қымбат дүниелер тарту еткен. «Баһадүр» деп даңқын асырған. Таңның атысынан күннің батысына дейін созылатын, жүздеген шабандоз қатысатын купкари тартысқа ешкінің, бұзаудың немесе қойдың терісі түскен. Өзбектер купкариды «ұлақ» деп те (біздіңше «лақпен» бірдей) атайды. Ойын ережесінің қазақтың көкпарынан көп айырмасы жоқ есеп.

Өзбекстанның әр аймағының Жаңа Күнді қарсы алу ерекшеліктері бар. Мысалы, Байсында (Сурхандария облысы) таудың ең биік шыңында өскен аршаның ұшар басын күн сәулесі шалған кезде Наурыз келді деп санаған. Шахризабста (Қашқадария облысы) бүр жарған ағаштарды айнала тойлаған: би барысында қыздар мен жігіттерге тиесілі екі жарты шеңбер біртұтас дөңгелекке айналған. Ал Самарқанның салты өзінше: 1) от жағу және Оби-Рахмат арығына алау апару – аластау рәсімі; 2) сол арықтың суына шомылу – ескі жылдың күнәларынан тазару тәсілі; 3) астрологиялық болжамдар айту – келер жылы бәле-жала жерге енсін, айналып өтсін деген тілек; 4) жеті пайғамбарға бағышталған «хафт салям» дұғасы жазулы қағаз батырылған суды отбасы мүшелерінің түгел ішуі – ауру-сырқау мен апаттан сақтану амалы; 5) «қазан толды» ырымын жасау – ақ мол, ырыс көп болсын деген ниет; 6) қабығы боялған жұмыртқаларды өзара сыйға тарту – көнеден қалған, бірақ мән-мағынасы белгісіздеу дәстүр; 8) биік таулы жерлерге өрлеу – мерейі үстем, дәрежесі жоғары болуға ұмтылушылық; 9) бір-біріне қонаққа бару – бауырластық пен сыйластық көрінісі; 10) эпикалық қаһарман Сиявуштың бейітінің басына апарып әтеш бауыздау – жаратқанның құрметіне құрбандық шалу, т.б. Ойлана қарасақ, кейбірі христиандық ғұрыптарды еске түсіретіндей ме, қалай...Ал енді «Ұлыстың ұлы күні Самарқанның көк тасы ериді (жібиді)» деген тіркестің төркіні қайдан шыққандығы туралы сан болжам айтылады. Қалай десек те, бір нәрсе анық: ол – Самарқандағы Ақсақ Темір соқтырған төрт қабатты Көк Сарайда атақты көк тастың болғандығы. Алыс-жақыннан келген мәртебелі қонақтар мен елшілерді қабылдарда әмірші жайғасқан осы мәрмәр тақтың үстінде кейіннен Бұқар билеушілерін ақ киізге салып хан көтеру рәсімі жүзеге асырылған. Ф.Брокгауз бен И.Ефронның «Энциклопедиялық сөздігінде» бұл көк тас (олардың сипаттауынша қарасұр түсті) көлемі – 4 аршын 9 вершок х 2 аршын 11/2 вершок х 14 вершок паралелепипед түрінде суреттеледі. Белгілі орыс суретшісі В.Верещагин де өз естеліктерінде «керемет бедерлі өрнегі бар ақ мәрмәрдің үлкен кесегі» деп бейнелеген көк тасты 1868 жылы Көк Сарайға тоқтаған генерал Кауфманмен бірге жиі тамашалағанын жазады.



Амантай ШӘРІП,
ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі