«Құқықтық сауатсыздық – қоғамдық тұрақтылыққа қауіп». Заң білетін қоғамды қалай қалыптастырамыз?

2844
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/VVnRTAqNuVdHMpexQKGqgdSKUbDqFNLHZYGVO2AX.jpg

Бүгінгі таңда заңнан хабары жоқ қоғам – өз құқығын қорғай алмайтын, әділетсіздікпен күресе алмайтын әлсіз қоғам. Қазақстандағы құқықтық сауаттылық мәселесі азаматтық белсенділікпен, құқықтық мәдениетпен, тіпті елдегі қоғамдық тұрақтылықпен тікелей байланысты. Осы тақырып төңірегінде "Адырна" тілшісі заңгер Қуат Ауғанбекпен пікірлескен еді. 

Қоғамдық тұрақтылық пен құқықтық сауат арасындағы байланыс

– Қуат мырза, құқықтық сауатсыздық қоғамдық тұрақтылыққа қалай әсер етеді деп ойлайсыз?

– Қоғамдық тұрақтылық дегеніміз – ел ішіндегі тәртіп, әділеттілік, азаматтардың құқықтарының қорғалуы. Ал егер азаматтар өз құқықтарын білмесе, заңды талап етпесе, ол елде әділетсіздік белең алады. Мұндай ортада жемқорлық, заңсыз шешімдер, шенеуніктердің жауапсыздығы орын алады. Заңнан бейхабар халық – өзіне қарсы заң бұзылғанда үнсіз қалатын, ал заңға бағынуға келгенде күмәнмен қарайтын орта. Мұндай жағдайлар әлеуметтік шиеленістерге, наразылықтарға себеп болуы мүмкін. Сондықтан құқықтық сауат – қоғамның иммунитеті деп айтуға болады.

"Заңнан қорықпа, заңды біл" деген ұстаным керек"

Қуат Ауғанбектің айтуынша, Қазақстанда заң шығару қарқыны жоғары болғанымен, оның түсіндірілуі мен практикалық қолданылуы әлі де әлсіз.

"Біздің елде жыл сайын ондаған заң қабылданады. Бірақ қарапайым адам сол заңды қалай қолданарын, өз құқығын қай жерде қорғай алатынын біле бермейді. Жаңа заңдар БАҚ-та қысқа ғана жарияланып, түсіндірмесіз өтеді. Бұл – үлкен проблема. Әсіресе ауылдық жерлерде құқықтық мәдениет төмен. Қарапайым мысал – еңбек шартысыз жұмыс істейтіндер, заңсыз айыппұлдарға үнсіз көнетіндер, тұрғын үй немесе мұрагерлік істерінде өз құқығынан айырылатындар. Барлығы – сауаттың төмендігінен. Сондықтан “заңнан қорықпа, заңды біл” деген ұстанымды жастардың бойына сіңіру керек", – дейді заңгер.


Мектеп пен ЖОО-дағы құқықтық білім жеткілікті ме?

Қуат Ауғанбектің айтуынша, құқықтық сауаттылықты қалыптастыру – тек заңгерлердің немесе мемлекеттік органдардың жұмысы емес. Бұл – білім беру жүйесінің, отбасының, БАҚ пен әлеуметтік желінің ортақ міндеті.

"Құқық негіздері пәні мектептерде бар. Бірақ ол көбінесе формалды түрде өтеді. Практикалық өмірмен байланыс аз. “Құқықты білу” дегеніміз – Конституциядағы баптарды жаттау емес, өмірде кезіккен заңды жағдайларды дұрыс бағамдай алу, қажетті органға жүгіну жолын білу, құжаттарды рәсімдеуді түсіну. Университеттерде де бұл мәдениеттің өзі әлі толық жолға қойылмаған. Бізге заңды тану дағдысын ерте бастан үйрететін жаңа формат керек: mock court (жасанды сот отырыстары), құқықтық театрлар, “Ашық сот” күндері, TikTok/Instagram-арқылы түсіндірулер. Қазіргі буын – визуалды буын. Заңды ұғынықты, қызықты түрде түсіндіру арқылы ғана оларды үйретуге болады", – дейді ол.

Құқығың бұзылса, қайда жүгінесің?

Бүгінде азаматтардың құқықтарын қорғаудың түрлі тетіктері бар:

  • Адвокаттарға жүгіну

  • "Qamqor" мобильді қосымшасы

  • Электронды үкімет порталы

  • Омбудсмен институты

  • Мемлекет кепілдік берген заң көмегі (МКЗК)

"Бірақ халық бұл тетіктердің бар екенін білмейді немесе сенбейді. Мысалы, сотқа шағымдану дегенді – ұзақ процесс, ақша талап ететін жүйе деп көреді. Шын мәнінде, егер заңды түрде дәлелдеріңіз болса, азаматтық істер бойынша әділетке қол жеткізуге толық мүмкіндік бар. Ол үшін ең алдымен заңды үйрену, білмесең – сұрау керек. Халықтың құқықтық санасы өскенде ғана шенеуніктер мен мемлекеттік органдар жауапкершілікпен жұмыс істейді", – дейді Қуат Ауғанбек.

Заңды білу – азаматтық мәдениеттің көрсеткіші

Құқықтық сауаттылық – азаматтың қорғаны, қоғамның тірегі. Бүгінгі таңда заңнан қашатын емес, заңмен өмір сүретін азаматтар керек. Қуат Ауғанбектің сөзімен айтқанда:

"Қоғам заңмен өмір сүргенде ғана әділет орнайды. Әр адамның міндеті – өз құқығын біліп, өзгенің құқығын бұзбау. Құқықты құрметтейтін ел – тұрақты, сенімді ел. Біз сондай болуымыз керек" деді заңгер. 

Пікірлер