Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы жол апатына түсті деген ақпарат тарады

2376
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/lH7EAGXSa5lP90JcUL3W3FbNFIwE1rAX7Eu6INeH.webp

Жамбыл облысында жол апаты болып, екі адам қаза тапты. Тағы екі адам түрлі жарақатпен Шу аудандық ауруханасына жеткізілді. Желіде тараған ақпараттарға сәйкес,көлікте танымал спортшы Шавкат Рахмоновтың әйелі мен ұлы болған, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Оқиға орнында түсірілген кадрларды Instagram желісіндегі jagdaikz парақшасы жариялады.

«Гүлайым Рахмонова ұлы және құрбыларымен Қарағандыдан Алматыға келе жатқан. Алматы-Екатеринбург тас жолының 296-шақырымында Toyota Land Cruiser жол талғамайтын көлігі аударылып қалған. Әйел рөлге ие бола алмаған»,—делінген жазбада.

Облыстық полиция департаменті зардап шеккендердің нақты тұлғаларын растаған жоқ, алайда жол-көлік оқиғасына байланысты мәлімдеме жасады. Ресми деректерге сүйенсек, оқиға 27 шілде күні сағат 08:50-де болған.

«Республикалық маңызы бар Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында Toyota Land Cruiser 200 автокөлігінің жүргізушісі Қарағанды облысы жағынан Алматы қаласы бағытында келе жатып, көлік тізгініне ие бола алмай, аударылып кеткен. Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, тағы екі адам ауруханаға жеткізілді»,—делінген хабарламада.

Жамбыл облыстық полиция департаменті аталған факт бойынша Қылмыстық кодекстің 345-бабының 4-бөлігі («Көлік құралдарын жүргізу қағидаларын бұзу немесе оларды пайдалану ережелерін сақтамау, абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соққан») бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын жеткізді.

Қазіргі таңда көлік арнайы айып тұрағына қойылып, оқиғаның толық мән-жайын анықтау мақсатында тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Әзірге спортшының өзі бұл оқиғаға қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

 

 

Пікірлер