БҰҰ-ның Алматыдағы орталығы күрделі мәселелерді тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік береді – сарапшы

2211
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/TpycE05mwh5yf02fD55CFSBP3neIgim79ENolzMi.jpg

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Алматыға сапары – Қазақстанның жаһандық қауіпсіздік пен тұрақты даму ісіндегі орнықты серіктес ретіндегі мәртебесін тағы бір айқындаған маңызды оқиға болды. Бүгін біз ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Халықаралық қауіпсіздік бөлімінің сарапшысы Темірлан Әбуғалимен әңгімелесіп, осы сапардың геосаяси маңызын, Алматыда ашылған жаңа өңірлік орталықтың әлеуеті мен Қазақстанның UN80 бастамасындағы рөлін талқыладық. Мархабат!

- Темірлан, БҰҰ Бас хатшысының Алматыға сапарын қалай бағалайсыз? Бұл сапардың Қазақстан үшін маңызы қандай?

- Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Бас хатшысы Антониу Гутерриштің ұйымның Бас Ассамблеясының 80-сессиясы қарсаныңда Алматыға сапары Қазақстанның халықаралық аренада маңызды делдал мен серіктес ретіндегі мәртебесін мойындайтын дипломатиялық белгі болып табылады. Гутерриш мырзаның өзі атап өткендей, Қазақстан Батыс пен Шығысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын дипломатиялық көпір қызметін атқарады. БҰҰ мүшесі болған 32 жыл ішінде еліміз көпжақты дипломатияны ілгерілету, қарусыздану, терроризмге қарсы күрес және тұрақты дамуды қолдау сияқты БҰҰ-ның іргелі құндылықтарына зор назарбөлгендігін бірнеше рет дәлелдеді.

Сапардың басты оқиғасы Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған БҰҰ-ның Тұрақты даму жөніндегі өңірлік орталығын Алматыда ашу туралы хост-келісімшартқа қол қою болды. Бұл Орталық Азия мен БҰҰ арасындағы әріптестікті тереңдетудің кезекті кезеңі ғана емес, сонымен қатар аймақтың жаһандық саясаттағы стратегиялық маңыздылығының артуының бірден-бір көрсеткіші саналады. Мұндай орталықтың Алматыда орналасуы – еліміздің сенімді, тұрақты және сындарлы халықаралық әріптес ретінде қабылданатынын білдіреді.

Осылайша, Бас хатшының сапары символдық қадам ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның жауапты халықаралық ойыншыретіндегі позициясын нығайту жолындағы нақты практикалық қадам болып табылады. Бұл еліміздің ұлттық басымдықтарын БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары сияқты жаһандық күн тәртібімен үйлестіруге қабілетті екендігін көрсетеді.

- Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған орнықты даму мақсаттары жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы өңірлік тұрақтылық пен даму тұрғысынан қандай нақты нәтижелерге әкелуі мүмкін?

- Тұрақты даму мақсаттары (ТДМ) бойынша өңірлік орталық – бұл, ең алдымен, диалог пен ынтымақтастықтыинституционализациялау арқылы өңірлік тұрақтылықты нығайтатын құрал. Орталық Азияда әлі де шешімін таппаған қауіпсіздікке қатысты бірқатар маңыздымәселелер бар: су ресурстарын басқару, трансшекаралық проблемалар, көші-қон ағындары, сондай-ақ радикалдану мен экстремизм қатері. Өңірлік хаб – бейтарап әрі инклюзивті алаң, онда өңір елдері, соның ішінде Ауғанстан да, ең күрделі мәселелерді тең дәрежеде талқылауға мүмкіндік алады. Бұл қақтығыстардың алдын алуға және өзара сенімді нығайтуға ықпал етеді.

Орталықтың миссиясы тек қауіпсіздікпен шектелмейді. Ол өңір елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына да айрықша үлес қосады. Адам капиталының дамуы, жасыл экономикаға көшу, климат өзгерістеріне бейімделу, сапалы инвестициялар тарту –осының барлығы орталық қызметінің маңызды бағыттары. БҰҰ-мен тікелей өзара іс-қимыл білім беру, денсаулық сақтау, гендерлік теңдік, цифрлық және жасанды интеллект технологияларын дамыту сияқты салаларда халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.

Қазақстан үшін мұндай бастамаға қатысу – бұл тек өңірлік тұрақтылыққа қосқан үлес қана емес, сонымен қатар оның халықаралық процестердегі жауапты және сындарлы әріптес ретіндегі рөлін растау. Бұдан бөлек, Орталық Азияның ТДМ күн тәртібіне белсенді араласуы өңірдің халықаралық инвесторлар үшін тартымдылығын арттырып, транзиттік әлеуетті дамыту мен жасыл технологияларды енгізу сияқты стратегиялық бағыттарда мүмкіндіктерін арттырады.

- Ауғанстандағы геосаяси жағдайды ескерсек, жаңа өңірлік орталық БҰҰ мен Орталық Азия елдерінің қауіпсіздік және гуманитарлық саясатында қандай рөл атқара алады?

- Ауғанстанның өңірлік бастамаларға қатысуы Орталық Азия елдеріне оның де-факто билігімен саяси мойындаусыз-ақ конструктивті ынтымақтастық орнатуға мүмкіндік береді. Бұл Ауғанстандағы геосаяси және климаттық жағдайдың күрделенуі аясында ерекше маңызды, себебі елдегі жағдай қазірдің өзінде бүкіл өңірге әсер етіп отыр.

Бүгінгі таңда саяси оқшаулау мен халықаралық санкциялар елге гуманитарлық көмекті жеткізуді айтарлықтай қиындатып отыр. Бұл тұрғыда ерекше алаңдаушылық тудыратын мысал – шиеленіскен су дағдарысы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі кедергі келтіруде. Кейбір аймақтарда балалар отбасыларына көмектесу үшін, соның ішінде сирек орналасқан су тарату пункттерінен су тасу мақсатында, оқудан бас тартуға мәжбүр болып жатыр.

Ауғанстанның басқа елдерденоқшаулануы радикалданудың күшеюі мен тұрақсыздықтың өршуіне қолайлы жағдай туғызады. Сондықтан Ауғанстанды өңірлік ынтымақтастық тетіктеріне тарту аса маңызды. Бұл – тұрақты дамуды қамтамасыз ету, қауіп-қатерлерді азайту және халықаралық деңгейде бейбіт әрі өзара тиімді іс-қимыл үшін жаңа мүмкіндіктер ашу жолындағы маңызды қадам.

- Президент Тоқаев атап өткен UN80 бастамасының мазмұны неде және Қазақстан бұл бастамаға қандай бағытта үлес қоса алады?

- UN80 бастамасы БҰҰ реформалауға бағытталған. Оның мақсаты – ұйымның тиімділігі мен өкілдік деңгейін арттыру. Бұл ескірген мандаттарды қайта қарауды, XXI ғасырдың сын-тегеуріндеріне ден қою қабілетін күшейтуді, сондай-ақ жаһандық Оңтүстіктегі елдердің, соның ішінде дамушы және орта державалардың рөлін кеңейтуді қамтиды.

Осы тұрғыда Алматыда ТДМ бойынша өңірлік орталықтың ашылуы – UN80қағидаттарының нақты іске асырылуының жарқын мысалы. Өңірлік хабтың құрылуыжаһандық басқару жүйесін неғұрлым әділетті әрі инклюзивті етуге бағытталған, ТДМ күн тәртібін Орталық Азия мен Ауғанстанның бірегей жағдайлары мен қажеттіліктеріне бейімдейтін қадам.

Мұндай тәсіл БҰҰ-ның өңірлік қатысуын күшейтіп қана қоймай, жергілікті мәселелерді тереңірек түсінуге мүмкіндік береді, өзара іс-қимыл арналарының санын арттырады және тұрақты дамуға қол жеткізу үдерісін жеделдетеді. Сонымен қатар, бұл өңір елдерінің халықаралық институттармен әріптестігін нығайтып, олардың жаһандық процестерге неғұрлым белсенді қатысуына ықпал етеді.

- Антониу Гутерриш Қазақстанды «бейбітшілік пен диалог символы» деп атады. Бұл баға еліміздің халықаралық аренадағы нақты қандай қадамдарына негізделген деп ойлайсыз?

- Қазақстан халықаралық аренада бейбітшілік, тұрақтылық және сындарлы диалогты нығайтуды үнемі жақтап келеді. Еліміз бұл құндылықтарды ілгерілетуге бағытталған нақты бастамалардың бастамашысы әрі белсенді қатысушысы.
Ең маңызды жетістіктердің бірі – Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін Қазақстанға мұраға қалған қауқары бойынша әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы. Содан бері еліміз ядролық қарусыздану мен таратпау ісінің дәйекті жақтаушысы ретінде танылып келеді. Осы бағыттағы маңызды қадамдардың тағы бірі –МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкін Өскеменде орналастыруы болды. Бұл бастама жаһандық ядролық қауіпсіздік инфрақұрылымын дамытуға елеулі үлес қосты.

Қазақстан сонымен қатар көпвекторлы сыртқы саясатты табандылықпен жүзеге асырып келеді. Біздің еліміз Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропалық Одақ елдері, Үндістан, Түркия, Иран және басқа да негізгі халықаралық серіктестермен сенімді әрі өзара құрметке негізделген қатынастар орнатқан. Мұндай теңгерімді дипломатия Қазақстанға халықаралық дағдарыстарды реттеуде делдал рөлін атқаруға мүмкіндік берді. Атап айтқанда, Астанада Сириядағы бейбіт процестің бірнеше раунды өтті, ал Алматыда Иранның ядролық бағдарламасына қатысты екі келіссөз раунды ұйымдастырылды.

Оған қоса, басында айтқанымдай, Қазақстан өңірлік тұрақтылыққа ерекше мән береді. Осы тұрғыда еліміздің Ауғанстанмен орнатқан прагматикалық қарым-қатынасынатап өту керек. Гуманитарлық және білім беру көмегін ұсына отырып, сондай-ақ Ауғанстанды бүкіл өңір үшін маңызды мәселелерді талқылауға тарту арқылы Қазақстан бұл елдің оқшаулануын және радикалдануын болдырмауға үлес қосуда. Мұндай ұстаным Орталық Азиядағы қауіпсіздікті нығайтып қана қоймай, сонымен қатар Қазақстанның бейбітсүйгіш әрі жауапты мемлекет ретіндегі халықаралық беделін арттыра түсуде.

- Әңгімеңізге рахмет!

Пікірлер