Орталық Азия елдері өзара сауда көлемін 20 миллиард долларға жеткізу және «Made in Central Asia» атты ортақ бренд қалыптастыру туралы келісімге келді. Бұл мәселелер 13 қараша күні Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекеттері мен Әзербайжанның сауда және инвестиция министрлерінің алғашқы отырысында талқыланды, деп хабарлайды “Адырна”.
Өзбекстанның инвестициялар, өнеркәсіп және сауда министрі Лазиз Кудратов өзара сауда айналымын екі есе арттыру туралы ұсыныс айтты.
«Біздің экономикаларымыздың бір-бірін толықтыратынын және бірлескен жобаларға бизнестің қызығушылығы артып келе жатқанын ескерсек, сауда айналымының әлеуеті әлі де орасан. Осыған байланысты өзара сауданы 20 миллиард долларға дейін арттыру бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді ұсынамыз», – деді ол.
Өзбекстан ұсынған деректерге сәйкес, 2017–2024 жылдары аймақ елдерінің өзара саудасы екі есе өсіп, 11 миллиар долларға жеткен. Кудратовтың пікірінше, жоспар аясында кедендік рәсімдерді үйлестіру, цифрлық құжат айналымын енгізу, рұқсат беру құжаттарын өзара тану және «бір терезе» жүйесін дамыту қажет. Нақты қадамдардың қатарында – өндірушілердің бірыңғай электрондық каталогы және ведомстволар мен сауда-өнеркәсіп палаталарының цифрлық платформаларын біріктіру бар.
«Бұл бизнеске жеткізушілер мен сатып алушыларды тікелей табуға мүмкіндік береді, транзакциялық шығындарды және делдалдарға тәуелділікті азайтады», – деп нақтылады ол.
Өзбекстан 2026 жылы Самарқанда Орталық Азия мен Әзербайжанның инвестициялық форумын өткізіп, дәл осы алаңда «Made in Central Asia» өңірлік бренді таныстырылатынын да ұсынды. Министрдің айтуынша, ортақ белгі өнімдердің сыртқы нарықтарда танымалдығын арттырады.
Қазақстанның сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев «сатып ал – сат» моделінен «инвестицияла – өндір – сат» форматына көшуді ұсынды.
«Бұл бағытқа серпін беру үшін Өзбекстанмен өнеркәсіптік кооперацияны дамыту бағдарламасын бекіту жоспарланып отыр. Оның кейбір элементтері Орталық Азия елдері мен Әзербайжанға да таралуы мүмкін», – деді ол.
Қазақстан сондай-ақ ортақ бренд идеясын қолдап, жұмысты цифрлық платформалардан бастауды ұсынды.
Тәжікстанның экономикалық даму және сауда министрі Завки Завкизода цифрландырудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект шешімдерімен айналысатын тәжік стартапы Zypl.ai қазіргі таңда 15 елде, соның ішінде Өзбекстан мен Қазақстанда жұмыс істейді. Сонымен қатар ол Alif финтех-компаниясын мысал ретінде келтірді — компания қысқа мерзімде аймақтағы цифрлық төлемдер мен қаржылық қызметтер нарығының көшбасшыларының біріне айналған.
«Бұл аймақ инновацияларының халықаралық деңгейге шығып, өздерінің жоғары технологиялық брендтерін қалыптастыра алатынын көрсететін жарқын мысал», – деді ол.
Түркіменстанның өкілі Назар Ағанов елдің рәсімдерді жеңілдету мен электрондық платформаларды дамытуды «ортақ мақсаттарға жетудің негізгі қадамдары» ретінде көретінін және жаңа жұмыс тобына қатысуға дайын екенін жеткізді.
Кездесуде Қырғызстанды таныстырған Қазақстандағы елші Дүйшөнкүл Чотонов бұл форматты «жаңа деңгейдегі платформа» деп атады және ортақ шешімдер аймақ экономикасының болашағы мен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Әзербайжан экономика министрінің бірінші орынбасары Эльнур Алиев өз тарапынан соңғы 9 айда аймақ елдерімен тауар айналымы 58%-ға өсіп, 1 миллиард доллардан асқанын хабарлады. Ол бизнес үшін көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды екенін айтты.
«Осы бағыттар бойында инвестициялық-логистикалық хабтар қарқынды дамып келеді, бұл бірлескен кәсіпорындардың құрылуына жол ашады», – деді Алиев.
Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар экономикалық ынтымақтастықты тереңдету, кооперация мен бірлескен өндірістерді дамыту, сондай-ақ инвестициялық жұмыс үшін жаңа құралдар құру жөніндегі ниеттерін бекіткен бірлескен коммюнике қабылдады.
"Болашақ мигранттарды Ресей мәдениетімен таныстыру". Путин Орталық Азияда орыс мектептерінің желісін ашуды ұсынды