Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылғанына 10 жыл толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Осы кезеңде тараптар арасындағы қарым-қатынас кең ауқымды әрі серпінді стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді. Бұл туралы Еуропалық кеңес президенті Антониу Кошта Egemen Qazaqstan басылымында жарық көрген мақаласында мәлімдеді.
Оның айтуынша, бүгінде Қазақстан мен ЕО арасындағы ынтымақтастық саяси диалогты, қауіпсіздік пен экономикалық дамуды, көпжақты дипломатияны, өзара байланыстылық пен инновацияларды қамтиды. Геосаяси шиеленіс жағдайында Қазақстан Еуропалық Одақ үшін тұрақты, сенімді әрі перспективалы серіктес болып қала береді.
Көпжақты форматтағы өзара іс-қимыл БҰҰ Жарғысы қағидаттарын сақтау, бейбіт шешімдерді ілгерілету және халықаралық құқыққа негізделген тәртіпті нығайтуға бағытталған. Украинадағы қақтығысты тоқтатып, тұрақты бейбітшілік орнату Қазақстан мен ЕО-тың ортақ басымдығы ретінде атап өтілді.
Серіктесте нақты нәтижелер берген бағыттардың бірі — көлік өзара байланыстылығы. Транскаспий халықаралық көлік дәлізі («Орта дәліз») Орталық Азия мен Еуропа арасындағы стратегиялық маңызды көпірге айналды. Бұл бағытқа 10 млрд еуродан астам еуропалық және халықаралық инвестиция тартылып, дәліздің тиімділігі мен цифрландырылуы артты.
Экономикалық ынтымақтастық та екіжақты қатынастың негізгі тірегіне жатады. Қазіргі таңда Қазақстанда 4 мыңнан астам еуропалық компания жұмыс істейді. «Horizon Europe» және «Erasmus+» бағдарламалары аясындағы жобалар, сондай-ақ визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздер іскерлік және академиялық байланыстарды кеңейтуге ықпал етуде.
Стратегиялық әріптестіктің маңызды салаларының бірі – аса маңызды шикізат, энергия ресурстары, «жасыл» технологияларды жеткізу. Шикізат, аккумулятор батареялары және жасыл сутек өндірісі бойынша бекітілген бірлескен жол картасы (2025–2026 жж.) осы бағыттағы ынтымақтастықтың әлеуетін іске асыруға негіз болмақ.
Антониу Коштаның айтуынша, келесі онжылдықта қосылған құн тізбектерін дамыту, инфрақұрылымды жаңғырту, технологиялық ынтымақтастықты тереңдету және нақты бірлескен жобаларды жүзеге асыру басты міндетке айналады.
«Қазақстан – сенімді серіктес. Бірге біз ортақ қиындықтарды ортақ артықшылықтарға айналдырып, екі тарап үшін де қауіпсіз, тұрақты және бәсекеге қабілетті болашақ қалыптастыра аламыз», – деп атап өтті Еуропалық кеңес президенті.