Украинадағы қақтығысты Үндістанда талқыламақ. Путинді Моди қарсы алды

268
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ibbhZn3HpeRk7IywuX3SW7hHhmyp79GItpi8nS0O.webp

Ресей президенті Владимир Путин төрт жылдан кейін алғаш рет Үндістанға сапар жасады. Үкіметтік ұшақ Нью-Делидегі Палам әскери-әуе базасына қонды, деп хабарлайды "Адырна". 

Үндістанға мемлекеттік сапармен барған Путинді ұшақ трапынан Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қарсы алды. Салтанатты қарсы алу барысында үнді билері көрсетілді. Осыдан кейін Путин мен Моди бір көлікпен бейресми кездесуге жол тартты. Ресей делегациясының құрамында «Роснефть» басшысы Игорь Сечин да бар.

Сапар екі күнге созылады. 4 желтоқсан кешінде Путин Модимен бейресми кездесу өткізіп, ерекше артықшылық берілген стратегиялық әріптестікті нығайту жолдарын талқылады (екіжақты қарым-қатынас бұл деңгейге 2010 жылы көтерілген). Сонымен қатар, Times of India жазғандай, Моди Үндістанның Украинадағы қақтығыстың тезірек реттелуіне мүдделі екенін растауы күтіледі.

5 желтоқсанда Хайдарабад сарайында тар және кең форматтағы ресми келіссөздер өтеді. Ресей президентімен бірге жеті министр жүр: қорғаныс министрі Андрей Белоусов, қаржы министрі Антон Силуанов, экономикалық даму министрі Максим Решетников, ІІМ басшысы Владимир Колокольцев, ауыл шаруашылығы министрі Оксана Лут, денсаулық сақтау министрі Михаил Мурашко және Орталық банк төрайымы Эльвира Набиуллина. Делегация құрамында «Росатом» және «Роскосмос» өкілдері де бар.

Путин Ресей-Үндістан форумының пленарлық отырысына қатысып, Үндістан президенті Драупади Мурмумен кездеседі. Сапар қорытындысы бойынша онға жуық ведомствоаралық және 15-тен астам коммерциялық келісімшартқа қол қойылатыны хабарланды. Сонымен бірге 2030 жылға дейін экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы қабылданады. Ресей ІІМ басшысы еңбек миграциясы саласында екі үкіметаралық келісімге қол қояды.

Сапар алдында үнді тарапынан қорғаныс саласын кеңейтуге қызығушылық бар екені айтылған. Атап айтқанда, қосымша бес полк С-400 әуе қорғаныс жүйесін сатып алу және С-500 «Прометей» кешендерін жеткізу мүмкіндігі талқылануда. Келіссөздерде энергетикалық әріптестік те негізгі тақырыптардың бірі болмақ.

2022 жылдан бері Үндістан Ресей мұнайын бірнеше есе арттырған. 2025 жылдың бірінші жартысында ресейлік мұнай Үндістан импортының шамамен 35%-ын құрады. Алайда соңғы апталарда АҚШ-тың «Лукойл» мен «Роснефтьке» санкция енгізуінен кейін Үндістан Ресей мұнайын соңғы үш жылдағы ең төмен деңгейге дейін қысқартқан, деп хабарлайды Reuters.

Пікірлер