9 мамырда Жетісуда 150 адамнан құралған хор симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «Жеңіс күні» әнін екі тілде орындады

Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/snsPLO4nr92UFqWHNXiqAuB1fQfc8rhNEnihLJ2t.jpg

9 мамыр – Жеңіс күніне орай Жетісу облысында 150 адамнан құралған хор симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен «День Победы» әнін қазақ және орыс тілдерінде орындады. Аталған мерекелік шара Талдықорған қаласының орталық алаңында өтті.


Өңірде Жеңіс күніне арналған мерекелік іс-шаралар таңертең ерте басталды. Ең алдымен облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңірде тұратын Ұлы Отан соғысының көзі тірі жалғыз ардагері, 102 жастағы Ысқақ Құсайыновты арнайы барып құттықтап, майдангерге Мемлекет басшысының құттықтау хатын табыстады.


Одан кейін Бейбіт Исабаев Даңқ обелискісіне гүл шоқтарын қою рәсіміне қатысып, орталық алаңда өткен «Ер есімі – ел есінде!» атты мерекелік іс-шараны тамашалады.
Даңқ обелискісі мен Мәңгілік алауға гүл шоқтарын қою рәсімі қалалық орталық саябақта өтті. Оған өңір басшысымен бірге ардагерлер, құқық қорғау органдары мен әскери бөлімдердің өкілдері, мектеп оқушылары қатысты. Алдымен салтанатты түрде Мемлекеттік Ту ортаға шығарылды. Әскери даңқ гирляндасы мен гүл шоқтары қойылып, қаза тапқандар рухы бір минут үнсіздікпен және салтанатты қарудан аспанға оқ ату рәсімімен еске алынды. Мұнан соң Мемлекеттік Гимн орындалды.


Орталық алаңда өткен «Ер есімі – ел есінде!» мерекелік іс-шарасы аясында облыс әкімі Бейбіт Исабаев «Ұрпаққа ұран болған» тақырыбындағы баннермен танысты. Онда Жетісу өңірінен шыққан Кеңес Одағы Батырлары мен «Даңқ» орденінің иегерлерінің суреті қойылып, есімдері жазылған.


Сондай-ақ тұрғындарға ардагерлердің ерлігі мен бейбітшіліктің маңызын бейнелейтін мектеп оқушыларының сурет көрмесі ұсынылды. Бұдан бөлек, Талдықорған әскери гарнизоны мен Полиция департаментінің техникалары қойылған көрме ұйымдастырылып, дала асханасы жұмыс істеді.
Көпшілік назарына театрландырылған қойылым ұсынылып, онда майдангердің естеліктері арқылы соғыс жылдарының тарихы баяндалды. Қойылымда бүгінгі бейбіт өмірдің қадір-қасиетіне ерекше мән берілді.


Мерекелік шараның соңы өнер жұлдыздары, шығармашылық ұжымдар, Д. Рақышев атындағы облыстық филармония, камералық хор және Оқушылар сарайының тәрбиеленушілерінен құралған балалар хоры, Қазақстан эстрадасы жұлдыздары қатысқан концерттік бағдарламамен қорытындыланды.
Сондай-ақ балалар бейбітшіліктің символы ретінде көкке тірі көгершіндерді ұшырып, ардагерлерге жылы лебіздер жазылған оригами көгершіндерін сыйға тартты.
Мерекеге келген қала тұрғындары мен қонақтары да пікір бөлісті.
– Жеңіс күні – ұлы мереке. Бүгінгі бейбіт өмірімізге ата-бабаларымыздың ерлігі мен батырлығының арқасында қол жеткіздік. Өзім қазір зейнеткермін, жасым 85-те. Өмір бойы еңбек еттім. Бүгінде балаларымыздың еркін де бақытты өмір сүріп жатқанына қуанамын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, әрдайым гүлдене берсін. Баршаңызға бейбіт өмір, жақсылық тілеймін, – деді талдықорғандық Әбдірәсіл Даутов.
Текелі қаласынан келген отбасы да ізгі тілегін білдірді:
– Біз бүгін Талдықорғанға арнайы келіп, батырларды еске алып, Даңқ монументіне гүл шоқтарын қойдық. Біздің арғы аталарымыз соғысқа қатысқан. Отбасымызда олардың ерлігі туралы естеліктерді жиі айтып, есімізде сақтаймыз. Олардың батырлығы мен қайсарлығы болмаса, бәлкім біз де болмас па едік. Батырлар мен ардагерлердің бәріне тағзым етеміз. Жерлестерімізді мерекемен құттықтап, баршасына амандық тілеймін, – деді Наталья Блехун.
– Біздің арғы аталарымыз еркіндік, бейбітшілік пен жарқын болашақ үшін соғысты. Олар біздің бүгінгі бақытты өміріміз үшін жанын қиды. Сондықтан 9 мамыр – өте маңызды әрі жарқын мереке. Бұл күн бізге бейбіт өмірдің қаншалықты қымбат екенін ұмытпауға көмектеседі, – деді оның 12 жастағы ұлы, №8 орта мектеп оқушысы Алексей Блехун.
Бұдан әрі  мерекелік іс-шаралар «Талдықорған» ипподромында жалғасын тауып, онда облыс әкімінің Кубогы үшін ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық турнир ұйымдастырылды.

Пікірлер