25 маусымға қараған түні Венесуэлада болған екі жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 2295 адамға жетті. Бұл туралы 1 шілдеде елдің Ұлттық ассамблеясының төрағасы Хорхе Родригес мәлімдеді, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Қазіргі уақытта 11 267 адамның жараланғаны және шамамен 13 мың тұрғынның баспанасыз қалғаны белгілі болды. БҰҰ деректеріне сәйкес, із-түзсіз жоғалғандар қатарында шамамен 50 мың адам бар. Родригестің айтуынша, олардың 30 мыңға жуығы ең көп зардап шеккен Ла-Гуайра қаласының порт аймағында болған. Оның сөзінше, құтқарушылар қирандылар астынан 6,5 мыңға жуық адамды аман алып шыққан. Дегенмен, саясаткер тірі қалғандардың саны 20 мың адамға дейін жетуі мүмкін екенін айтты, өйткені көптеген тұрғын өз күшімен немесе жақындарының көмегімен құтылып үлгерген.
1 шілдеде Венесуэла президентінің міндетін атқарушы Делси Родригес жер сілкінісі құрбандарын еске алу мақсатында елде жеті күндік ұлттық аза тұту жариялаған еді. Ол сол күні жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де күшіне енді.
«Адам шығынына әкелген жойқын жер сілкіністеріне байланысты Венесуэланың жүрегі қайғыдан қан жылап тұр. Біз жақындарынан айырылған отбасылардың қайғысын бөлісіп, жараланғандар, із-түзсіз жоғалғандар және зардап шеккен жандар үшін дұға етеміз», – деп жазды Родригес X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
24 маусым күні Венесуэланың солтүстігінде, ел астанасы Каракастың батысында араға небәрі 39 секунд салып магнитудасы 7,2 және 7,5 болатын екі жер сілкінісі тіркелген еді. Бұл – соңғы 125 жылдағы елдегі ең қуатты жер сілкіністері. Одан кейін ондаған афтершок болған.
Апат салдарынан көптеген тұрғын үй қираған. Әсіресе халықаралық әуежай мен елдегі ең ірі теңіз порты орналасқан Ла-Гуайра штаты қатты зардап шеккен. Осыған байланысты елде төтенше жағдай жарияланды.
АҚШ-тың Цунами туралы ескерту ұлттық орталығының мәліметінше, Венесуэлада «сейсмикалық дуплет» деп аталатын құбылыс орын алған. Бұл – бір аймақта бірнеше секунд аралығында жоғары магнитудалы екі жер сілкінісінің қатар тіркелуі.
