Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінде орталық аппараттың, комитеттердің және ведомствоға қарасты ұйымдардың қызметкерлері қатысқан велошеру және тимбилдинг іс-шарасы өтті.
Іс-шара Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енуі қарсаңында ұйымдастырылып, оның негізгі құндылықтарын – заң үстемдігін, мемлекеттің жауапкершілігін, азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғауды, қоғамның бірлігі мен ел мүддесіне қызмет ету қағидаттарын насихаттауға арналды.
Жаңа Конституция мемлекеттік институттардың қызметіне қойылатын талаптардың жаңа деңгейін айқындайды. Бұл Қаржы министрлігі жүйесі үшін ерекше маңызды, өйткені қаржы, салық, кеден, қазынашылық және бақылау органдары жұмысының сапасына азаматтардың сенімі, бизнестің тұрақтылығы, бюджеттік үдерістердің ашықтығы және елдің инвестициялық тартымдылығы тікелей байланысты.
Конституцияның маңызды бағдарларының бірі – азаматтардың, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау кепілдіктерін күшейту. Бұл мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды тұлғаларының заңсыз шешімдері, әрекеттері немесе әрекетсіздігі үшін жауапкершілігін қамтиды. Мұндай тәсіл құқықтық ортаның болжамдылығын арттырып, мемлекеттік шешімдердің сапасына қойылатын талаптарды күшейтеді.
Велошеру алға ұмтылудың, бірліктің және Қаржы министрлігі ұжымының мемлекет алдында тұрған міндеттерді іске асырудағы ортақ жауапкершілігінің символына айналды. Министрліктің әртүрлі буын, құрылымдық бөлімше және ведомствоға қарасты ұйым қызметкерлерінің қатысуы сабақтастықты, командалық рухты және ортақ нәтижеге бірлесіп жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті.
Велошеру қорытындысы бойынша Қаржы министрі Мәди Такиев жеңімпаздарды дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапаттап, қатысушыларға зор денсаулық, кәсіби қызметтеріне табыс және жаңа жетістіктер тіледі.
Әйелдер арасында жүлделі орындарға ие болғандар:
* I орын – Әйгерім Садыбек, Мемлекеттік қазынашылық комитеті;
* II орын – Әлия Дәулетбаева, «Digital Silk Road Company» ЖШС;
* III орын – Айгүл Сәрсембенова, Мемлекеттік қазынашылық комитеті.
Ерлер арасында жүлдегерлер:
* I орын – Әли Қызайбай, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ;
* II орын – Айбек Рымтай, Мемлекеттік кірістер комитеті;
* III орын – Қайрат Сұлтанбеков, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ.
Қаржы министрлігінде корпоративтік мәдениетті дамыту, қызметкерлердің денсаулығын нығайту және біртұтас команданы қалыптастыру тиімді мемлекеттік қызметтің маңызды құрамдас бөлігі екені атап өтілді. Мұндай іс-шаралар ұжым ішіндегі сенімді нығайтуға, құрылымдық бөлімшелер арасындағы өзара іс-қимылды арттыруға және ведомство алдында тұрған міндеттерді сапалы орындауға ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді.
Қаржы министрлігі жүйесінде жаңа Конституцияның құндылықтарын түсіндіру және кеңінен насихаттау жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Бұл жұмысқа аумақтық органдар мен ведомствоға қарасты ұйымдар да белсенді қатысады.


