Шымкентте перинаталдық орталық пен әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салуға 33,5 млрд теңге бөлінді

1786
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/ppvVpv7CnjhTjrn0S6MRTY9BUZS0me7nAtRMix68.jpg

Мемлекет басшысының Құрылтайдың алғашқы сессиясында берген тапсырмаларын орындау аясында Үкімет өңірлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды озық дамыту бойынша шаралар қабылдауда.

Шымкентте жаңа перинаталдық орталық пен халықаралық әуежайдың екінші ұшу-қону жолағын салу жобалары жүзеге асырылуда. Нысандардың құрылысын жалғастыруға қосымша 33,5 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде денсаулық сақтау нысанына – 10 млрд теңге, ал екінші ұшу-қону жолағына 23,5 млрд теңге бағытталды.

Ақжайық шағынауданында 200 төсек-орынға арналған жаңа перинаталдық орталық салынуда. Медициналық мекеме жылына 7 мың босануға арналған және ана мен жаңа туған нәрестелерге медициналық көмектің толық циклін қамтамасыз етеді. Акушерлік, гинекология және неонатология бөлімдерімен қатар, мұнда күрделі патологиялары бар жаңа туған нәрестелерге ем жүргізуге арналған неонаталдық хирургия қызметі ұйымдастырылады. Сондай-ақ диагностикалық зертхана, генетикалық зерттеулер жүргізуге арналған база, консультациялық және оңалту бөлімшелері қарастырылған.

Сонымен қатар, жаңа перинаталдық орталық заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіліп, халықаралық стандарттарға сай қызмет көрсететін болады. Жобаның басты мақсаты – ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Орталықтың іске қосылуы қаладағы перинаталдық қызметке түсетін жүктемені азайтып, жүкті әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің деңгейін көтеруге мүмкіндік береді. Бұл әсіресе күрделі жағдайларда шұғыл әрі сапалы медициналық көмек көрсетуде маңызды рөл атқарады.

Ал халықаралық әуежайда салынып жатқан екінші ұшу-қону жолағы әуе көлігі инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі саналады. Оның құрылысы әуежайдың өткізу қабілетін арттырып, әуе кемелеріне қызмет көрсету мүмкіндіктерін кеңейтеді. Сонымен бірге жаңа жолақ әуе рейстерінің қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге, жолаушылар және жүк тасымалы көлемін ұлғайтуға жағдай жасайды. Бұл Шымкенттің халықаралық көлік-логистикалық бағыттағы әлеуетін арттырып, қаланың іскерлік және туристік тартымдылығын күшейтуге ықпал етеді.

 

Пікірлер