Қазақстан түркі мемлекеттерімен ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі - Президент

1730
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/image-18.png
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдер парламенттерінің спикерлерімен кездесті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. Президент мәртебелі меймандарға ілтипат білдіріп, жиынның мән-маңызына тоқталды. Президент Тоқаевтың айтуынша, Түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық жылдан-жылға артып келеді. Бұл үдеріс бүкіл түркі жұртының беделі мен ықпалын күшейтіп отырғанын айтты.
"Қазақстан – Түркі мемлекеттері ұйымының негізін қалаушылардың бірі. Бұл құрылым елдеріміздің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуына ықпал етеді. Өткен жылы ұйымға төрағалық ете отырып, біз ‘TURKTIME’ ұранымен жүзге жуық маңызды іс-шара өткіздік. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасын бекіту – тарихи оқиға", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының маңызын атап өтіп, ұйым аясындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға дайын екенін білдірді. Президент келесі басқосуды Түркістанда өткізуді ұсынды. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев елде жүргізіліп жатқан саяси және экономикалық реформалар туралы баяндады. Оның айтуынша, Конституциялық өзгерістер, аудан әкімдерін тікелей сайлау және мәслихат жүйесіндегі өзгерістер – еліміздің демократиялық дамуының маңызды қадамдары.
"Биыл еліміздің ЖІӨ көлемі 290 миллиард долларға жетіп, жан басына шаққанда 14 мың долларды құрады. Бұл оң көрсеткіштер, бірақ шешілуі тиіс түйткілдер де бар", – деді Мемлекет басшысы.
Президент өз сөзінде инфрақұрылымдық жобалар, цифрландыру, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығын қолдау және көлік-логистика салаларын дамыту – экономикалық өсімнің негізгі бағыты екенін айтты. Сондай-ақ түркі елдерімен ынтымақтастықты нығайту осы міндеттерді іске асыруда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев түркі халықтарының бауырластығы мен бірлігі ортақ мақсатқа бастайтынын айтып, парламенттік дипломатияның маңызын ерекше атады.
"Қазақстан түркі мемлекеттерінің парламенттік дипломатиясын барынша қолдайды. Біз бәріміз тату болсақ, экономикаларымыз дамып, бауырластығымыз мәңгі болады", – деді Президент.
Жиынға Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдердің парламент спикерлері қатысты. Кездесу "TURKTIME: парламенттік дипломатияның рөлі" тақырыбында өтті.
Пікірлер