Астанада еліміздің үздік медицина қызметкерлері марапатталды

470
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/content/uploads/2025/06/img_3429.jpeg
Астанада Медицина қызметкерлері күніне орай еліміздің денсаулық сақтау саласының үздіктерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы. Салтанатты шара барысында 68 медицина маманы мемлекеттік және салалық марапаттарға ие болды. Олардың қатарында «Барыс», «Парасат», «Достық», «Құрмет» ордендерімен, сондай-ақ «Ерен еңбегі үшін» және «Шапағат» медальдарымен марапатталғандар бар. Сондай-ақ, «Кәсібінің үздігі» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталып, кәсіби шеберлігі мен жанқиярлығы үшін дәрігерлер, медбикелер, фармацевтер және басқа да мамандар арнайы марапатқа ие болды. Іс-шарада ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Қошербаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова құттықтау сөз сөйлеп, медицина қызметкерлерінің еңбегіне жоғары баға берді. «Бұл жандар күн сайын адам өмірін құтқарып, жоғары кәсібилікті көрсетіп жүр. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, халыққа көрсеткен қызметтеріңіз үшін алғысымды білдіремін», – деді Ермек Қошербаев. Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде 378 мыңнан астам адам еңбек етеді, оның 271 мыңы – медицина қызметкерлері. Министр Ақмарал Әлназарова жыл басынан бері 1,4 млн науқасқа стационарлық көмек көрсетілгенін, 445 мың ота жасалғанын және жедел жәрдем 2,7 миллионнан астам шақыртуға барғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ауылдық жерлерге дәрігер тарту шаралары жалғасып жатыр. 2023 жылдан бастап ауылға барған мамандарға 100 АЕК мөлшерінде төлем, жеңілдетілген несие және үстемақы қарастырылған. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та медицина қызметкерлерінің қоғамдағы орны мен әлеуметтік мәртебесінің маңыздылығын үнемі атап өтеді. 2024 жылы Мемлекет басшысы осы саладағы қызметкерлердің құқығы мен қорғалуына бағытталған заңға қол қойды.
Комментарии