Жақында елімізде бетті жауып тұратын киім түрлерін қоғамдық орында киюге тыйым салатын ереже қабылданды. Бұл жалпы қауіпсіздікпен байланысты шешім еді. Қазақстан бұл шешімді кешігіп қабылдады деп айтсам болады. Себебі Орталық Азия елдері бізге дейін қабылдаған болатын.
Бірінші болып Өзбекстан қабылдады. Өткен жылы Тәжікстан да осындай арнайы заңды қабылдап, Рахмон қол қойды. Биыл Қырғызстанда да осындай заң қабылданды. Арнайы рейдтер өтіп жатыр. Яғни қоғамдық орындарда бетті тұтас жауып тұратын, бүркемелейтін киім түрлерін киюге тыйым салынуда. Түркімен елінде де осыған ұқсас ережелер бар.
Дегенмен Орталық Азияға қарағанда өзге мемлекеттер бірінші қимылдады. Олардың ішінде Еуропа елдері де бар. 2010 жылы Францияда қоғамдық орындарда бетті жауып тұратын киімдерді киюге тыйым салына бастады. Оған арнайы жауапкершілік те енгізілді. Кейін Бельгияда осыған ұқсас шешім шықты. Оны Еуропалық сот мақұлдады. Дания, Германия, Аустрия, Болгария, Нидерланды іспеттес елдерде де бетті жауып тұратын киім үлгілерін киюге тыйым салатын ережелер енгізілуде. Аталмыш мемлекеттерде қауіпсіздік мәселесі бар. Жиі митингтер өтеді. Бетті толық жауып, түрлі бұзақылық жасайтындар саны артқан. Олар көліктерді өртейді, дүкендерді тонайды, төбелеседі. Сол үшін де арнайы ережелер енгізіліп, бетті тұтас жауып тұратын киімдерге тыйым салынуда. Қауіпсіздік мақсатында!
Бізде де солай. Бұл қауіпсіздік мақсатындағы шара деп санаймын. Біреудің құқығына қол сұғу емес бұл. Қоғамдық ортада адамдардың жүзін тану үшін жасалған шешім ғой. Кім не кием десе де өзі біледі. Бірақ адамның киімі қоғамдық ортадағы белгіленген ережелерге қайшы болмауы тиіс дегендей. Осы енгізілген заңнан кейін, бетін жауып жүргендерді тексеру мүмкіндігі пайда болды деп ойлаймын. Бұрын заңның жоқтығына байланысты көп жағдайда тексере алмайтын. Енді заң бар. Қоғамдық ортады бет-жүзін жауып жүргендерді тексеруге болады. Елімізге кімдер кірмеді, әлі де кіріп жатыр. Соғыстан қашқаны бар, босқаны бар, қылмыскері бар, мигранты бар, әйелі бар, еркегі бар. Кейбірі бетті жауып жүрді ғой. Соларды тексеру де күшейер. Оның үстіне қазір көптеген мекемеде Face ID тұрады. Ол да адамды тану және қауіпсіздік үшін жасалған дүние.