Қырғызстан 12 жылдық жалпы орта білім беру жүйесіне толықтай көшті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Бұл туралы Қырғыз Республикасының оқу-ағарту министрі Доқтыркүл Кендірбаева мәлім етті.
Министрдің айтуынша, бұл – ұзақ жылдар бойы сөз күйінде қалып келген реформаның нақты жүзеге асқан кезеңі.
«Біз енді 12 жылдық білім беру жүйесіне толық өттік. Бұл – Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың саяси ерік-жігерінің арқасында жүзеге асты. Бұл енді шексіз талқылау емес, өмірде іске асқан реформа», – деді министр Кендірбаева.
Министрліктің мәліметінше, жаңа модель еңбек нарығына түсетін салмақты азайтады, ал оқушыларға көбірек білім мен кәсіби дағды алуға мүмкіндік береді. Жоғары сыныптар бейіндік оқыту негізінде колледж не техникум форматында ұйымдастырылады. Оқушылар болашақ мамандығына сай пәндерді терең оқи алады.
«Жаратылыстану және нақты ғылымдарға басымдық беріледі. Экономикаға осы салада мамандар аса қажет», – деді Кендірбаева.
Реформа аясында барлық оқулықтар енді тек мемлекет меншігінде болады. Жаңа оқулықтарды әзірлеуге 200-ден астам маман мен тіл сарапшылары тартылған. Бұған 2025 жылы 744 млн сом бөлінген.
Сондай-ақ, елде білім беру жүйесі белсенді түрде цифрландырылып жатыр. Ата-аналар баласын 1-сыныпқа «Тундук» электронды платформасы арқылы онлайн тіркей алады. Мұғалімдер қағазбастылықтан арылу үшін «Э-Кундолук» бірыңғай электронды күнделігіне көшкен.
1-сынып оқушылары енді жаңартылған бағдарлама бойынша оқиды. Сабақ ұзақтығы 35 минут, аптасына бес күн болады. Бағдарламаға «Қырғыз тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Тілашар», «Мен және Әлем» сынды пәндер енген. Сабақтар ойын, интерактив, экскурсия түрінде өткізіледі.
Жаңа жүйеге өту барысында кадр тапшылығының алдын алу үшін педагогикалық ЖОО-ларда дуальды білім беру жүйесі енгізілмек. Үздік студенттерге 3-курстан бастап мектепте жұмыс істеуге мүмкіндік беріледі. 2026 жылдан бастап мұғалімдердің жалақысы кезең-кезеңімен өсіріледі. Ал мұғалім мамандығына өту балы 130-ға дейін көтерілмек.