Абайды Қажы Мұхаммед Шадкомның еңбегі арқылы терең түсіндім – Нияз Тобыш

2429
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/IhahkXG9nfgYzxFRErojlOxHX67VH74juhNzRnLT.jpg

Жазушы, аудармашы және педагог Нияз Тобыш Иран қазағы, марқұм Қажы Мұхаммед Шадкомның қазақша-парсыша сөздігін баспаға дайындап жатыр. Қажы Мұхаммед Шадком өз ғұмырында Абай өлеңдері мен қара сөздерін парсы тіліне аударып, қазақ пен парсы тілдерінің арасында мәдени көпір орнатқан. Бұл сөздік Ирандағы қазақтар мен парсы тілін меңгерген қазақстандықтар үшін үлкен мәнге ие болмақ. Осы орайда “Адырна” ұлттық порталы Нияз Тобышпен сұхбаттасып, бұл сөздіктің маңызы туралы әңгімелесті.

– Нияз Қартбайұлы, сіз қазір қазақша-парсыша сөздікті баспаға дайындап жатыр екенсіз. Алдымен, осы жолда көп еңбек сіңірген, сөздікті дайындаған Қажы Мұхаммед Шадком туралы айтып берсеңіз. Ол қандай тұлға еді?

Қажы Мұхаммед Шадком – өте сауатты, білімді тұлға болды. Оның балалық шағынан бастап кітапқа деген ерекше қызығушылығы болған. Мен оны Тегеран университетінде оқып жүргенде таныдым. Ол кезде біздер ортақ әңгімемізді қазақ әдебиеті мәселесі, Отаннан келетін газеттер мен кітаптар туралы өрбітетінбіз. Қажы Мұхаммед екі-үш тілде еркін сөйлеп, жазатын. Ол парсы, қазақ және ағылшын тілдерінде терең білімге ие болды.

Біздің үлкендеріміз Иранға көшіп барғаннан кейін, алғашқы 30 жылдай азаматтық ала алмай жүрді. Тек 1960 жылдардың басында азаматтық алып, білім алуға мүмкіндік туды. Сол кезеңнен бастап біздің ішімізден жоғары білімге қол жеткізген алғашқы толқын пайда бола бастады. Сол буынның ішінде Қажы Мұхаммед Шадком ерекше тұлға еді.

Ол кісі – Иран қазақтарының арасынан шыққан алғашқы заң саласын меңгерген азамат. Жоғары білім алып, құқық саласында еңбек етті. Кейін адвокат болып, әділет саласында ұзақ жылдар қызмет атқарды. Бірақ өмір бойы тек заң саласымен шектелмей, өз бетінше көп оқыған, тоқыған, руханиятқа терең бойлаған жан болды.

Қажы Мұхаммед Шадкомның Иран қазақтары арасындағы орны ерекше. Ол – тек оқыған, заңгер, аудармашы ғана емес, өз халқының тіліне, мәдениетіне шынайы жанашыр, ұлт руханиятына қызмет еткен азамат. Өкінішке қарай, ол кісі COVID-19 індеті кезінде өмірден өтті. Бірақ оның қалдырған еңбектері мен рухани ізі Ирандағы және жалпы қазақ қауымындағы бағалы мұра болып қала береді.

– Қажы Мұхаммед Шадкомның аудармашылық қызметі жайында не айтар едіңіз?

– Қажы Мұхаммед Шадкомның ең елеулі еңбектерінің бірі – қазақ тіл білімінің атасы, академик Ісмет Кеңесбаевтың 10 томдық қазақша түсіндірме сөздігін парсы тіліне аударуы. Бұл орасан зор еңбекке ол шамамен он жылын арнаған.

Бұл идея 1970-жылдардың ортасында пайда болды. Сол кезде Алматыдан шетелдегі қазақтарға арналған «Отан» газеті келе бастады. Біз сол газетті оқып, мақала жазып, рухани байланыс орнаттық. Кейіннен сөздік қажет болғанда, әр том жеке-жеке адамдарға жіберілді: біреуге 1-том, біреуге 2-том, тағы біреуге 5-том деген сияқты. Солардың барлығын жинап, ең сауатты, жауапты адам ретінде Қажы Мұхаммед Шадкомға табыстадық.

Ол кісі бұл сөздікті парсыша-қазақша екі тілді сөздікке айналдырды. 10 томдық еңбекті парсы тіліне аударып, қолжазба етіп жинады. Сөздікті 1992 жылы аяқтады, алайда өкінішке қарай, Иранда басып шығару мүмкін болмады. 30 жылдан астам уақыт бойы бұл құнды еңбек жарық көрмей, қолжазба күйінде сақталып келді.

– Бұл қолжазбаның қазіргі жағдайы қандай?

– Қажы Мұхаммед Шадком өмірінің соңына дейін сол сөздіктің тағдырына алаңдады. Ол Қазақстанға бір келгенінде, ағайынның қолында сақталып тұрған үш дәптерлік қолжазбаны алып, «Иранда шығару мүмкін емес» деген оймен Қазақстан Ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорына тапсырды. Бұл – үлкен жауапкершілікпен жасалған іс, әрі келер ұрпақ үшін құнды мұра қалдырудың бір жолы болды.

Бұл қолжазба біршама жылдар бойы сол қалпы сақталып, жариялануға мүмкіндік болмады. Тек өткен жылдары мен осы жерде бір қалталы азаматтың үйінде отырғанымда, осы сөздік жайында сөз қозғап, оны ең болмағанда компьютерге теріп алу қажет деген ойымды білдірдім.

Сол азамат азаматтық танытып, маған 1 миллион теңге қаржылай көмек берді. Мен бұл іске бауырымыз, Ғылым академиясының Сирек қолжазбалар қорында жұмыс істейтін Юсуф Пилтанға тапсырдым. Ол он екі ай бойы тынымсыз еңбек етіп, қолжазбаны толықтай компьютерге теріп шықты. Нәтижесінде, бұл 470–480 беттік үлкен еңбек дайын болды.

– Бұл сөздік кімдерге пайдалы болмақ?

– Менің ойымша марқұм Қажы Мұхаммед Шадком бұл еңбекті, ең алдымен, Иран қазақтарының рухани қажеттілігін өтеу үшін дайындады. Сонымен бірге бұл сөздік Қазақстандағы парсы тілі мамандары үшін де аса құнды көмекші құрал болмақ.

Қазір Алматыда парсы тілінен сабақ беретін оқу орындары бар, парсы тіліне маманданған кадрлар дайындалып жатыр. Бұл сөздік соларға да таптырмас құрал бола алады. Өйткені біздің тарихымыздың бір бөлігі Иранның тарихи және әдеби жазбаларында жатыр. Болашақта осы саланы зерттейтін ғалымдар мен мамандар үшін қазақша–парсыша сапалы сөздік ауадай қажет. Қажы Мұхаммед Шадком сол мақсатты көздеп, он жыл бойы осы еңбекті дайындады.

Жазылған кез келген еңбек адамзатқа пайда әкеледі. Кітаптар бірін-бірі толықтырады. Бұған дейін де осы бағытта белгілі еңбектер жарық көрді. Мысалы, кезінде Оңдасын Оңдасов ағамыздың сөздігі шыққан. Мен оны да осы жерде көріп, оқыдым. Одан кейін Ислам Жеменейдің қазақша-парсыша сөздігі жарық көрді. Бірақ Қажы Мұхаммед Шадкомның еңбегі – бұл салада жүйелі, көркем және терең дайындалған еңбек деп есептеймін.

Бұл сөздік парсы тілін жақсы білетін де, қазақ тілін жақсы білетін де оқырман мен маманға өте пайдалы болары сөзсіз. Оның тілдік дәлдігі, әдеби көркемдігі және ғылыми жүйелілігі – оны ерекше құнды құралға айналдырады.

– Сөздік қашан дайын болады?

Қажы Мұхаммед Шадкомның бұл еңбегін баспаға дайындау оңай болмады, себебі баспадан шығару үшін қажетті ресурстар мен демеушілер табылуы қажет еді. Бірақ әрбір жанашыр азаматтың арқасында бұл жұмыс қолға алынып, тиражды шығару мүмкіндігі пайда болды. Қазіргі кезде кітаптың бірінші данасы Алматыға жіберілді, сондықтан оған қатысты шешімдер қабылдануда. Егер демеуші табылып, қажетті қаржы жиналса, кітап жарық көрмек.

Қажы Мұхаммед Шадком Абай Құнанбайұлының шығармаларын да аударғаны белгілі. Осы туралы да айтып берсеңіз.

– Қажы Мұхаммед Шадком – Абай Құнанбайұлының шығармаларын парсы тіліне аударған санаулы тұлғалардың бірі. Ол өзінің өмірін қазақ мәдениеті мен тілін насихаттауға арнап, шекара сыртындағы қандастар арасында рухани жаңғырудың ұйытқысына айналды.

Ол Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін, сондай-ақ «Ескендір» поэмасын өз бетінше парсы тіліне аударып шыққан.

Аударылған шығармаларының бір бөлігі Иранның Қазақстандағы елшілігінің қолдауымен парсы тілінде жарық көрген. Алайда толық жинақ әзірге қолжазба күйінде сақталып отыр. Бұл еңбек Ирандағы қазақ жастары мен жалпы парсытілді аудитория үшін Абай әлемін жақындатуға үлкен үлес қосуы мүмкін. Осы аударма арқылы Иран қазақтары Абаймен толықтай таныса алар еді…

Абай шығармалары шетелдегі қазақтар үшін қаншалықты маңызды?

– Осы аударманы кезінде Қажы әрбір сөздің мағынасына, мәніне ерекше мән беріп, өте әдемі аударған. Ол аударған еңбектер өте жоғары деңгейде деп санаймын. Абайдың сөздеріне деген құрмет, оның философиялық ойлары мен тереңдігін жақсы түсінгенін көрсетеді. Абайдың шығармалары шеттегі қазақтардың арасында ерекше орын алады, әсіресе Иранда тұратын қазақтар үшін.

Мен Абай Құнанбайұлының өлеңдері мен қара сөздерін алғаш рет Иранда жүргенде оқыдым. Қазақ тілінде оқығанда көбінесе ежіктеп, әр әрпін баяу танып, түсініп отыратынмын. Кейінірек, марқұм Қажы Мұхаммед Шадкомның парсы тіліне аударылған нұсқасын қолыма түсірдім. Оны маған бір танысым Ираннан арнайы жіберді. Сөйтіп, мен Абайды Қажы Мұхаммед Шадкомның еңбегі арқылы терең түсіндім.

Сол кезде мен қазақша түпнұсқамен және парсыша аудармасымен салыстыра отырып оқитынмын. Сонда байқағаным – аударма өте шебер жасалған. Әрбір өлең жолы, ой, сезім – бәрі өте дәл әрі көркем жеткізілген. Өз басым бұдан да жақсы парсыша аударуға болмайды деп есептеймін. Сол себепті бұл еңбек — нағыз бағалы дүние. Бұл — біз арқа сүйеп оқитын, сенімді, салмақты еңбектердің бірі.

Шетте жүріп Абай шығармаларымен қалай таныстыңыз? Абай сіз үшін нені білдіреді?

Әрине, шетте жүрген әр қазақтың Абайға деген ықыласы ерекше. Мен Иранда жүргенде Абайдың біраз өлеңдерін жатқа айтып жүретінмін. Әрине, бәрін түсіне бермейтінмін, шеттегі жағдайды өзіңіз де түсінесіз ғой. Қазақ тілімен ара-қатынасымыз үзіліп қалған еді. Парсы тілінде білім алдық, жұмыс істедік. Қасымызда парсылар мен түрікмендер көп болды.

Қазақ тіліне деген қарым-қатынасымыз өте шектеулі болды. Кейде өз тілімізді толық меңгермегенімізге ішіміз ашиды. Бірақ соған қарамастан, мен Абай атамыздың көптеген өлеңдерін жаттап өстім. Кейбір сөздерін сол кезде түсінбесем де, кейін біртіндеп ұғынып, ой түйе бастадым.

Абай – біздің рухани темірқазығымыз. Ол — қазақтың классик ақыны, дана ойшылы. Оның шығармаларын оқыған сайын тереңдікке, таза ойға, адамгершілікке ұмтыласың. Әсіресе шетте жүрген біз секілді қазақтар үшін оның мұрасы ерекше қымбат. Абай – біздің ұлттық болмысымыздың тірегі.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет!

Дана Нұрмұханбет

«Адырна»

Комментарии
Другие материалы