"Алматыға кіру ақылы болуы мүмкін". Экологиялық жоба туралы не белгілі?

990
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/wqMEf0YjzMRvzAmbi5cyJpAroWfDVDsKJEKU68ZL.webp

Алматыда атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі жаңа ережелер жобасы ұсынылды. Құжатқа сәйкес, кейбір автокөлік иелері үшін мегаполиске кіру ақылы болуы мүмкін, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Әкімдік мәліметінше, жоба Экологиялық кодекстің 206-бабына сәйкес әзірленіп, қаладағы экологиялық жағдайды жақсартуға, зиянды шығарындыларды азайтуға және тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған.

Экологиялық мониторинг деректеріне қарағанда, Алматы тұрақты түрде әлемдегі ең ластанған қалалардың қатарына еніп отыр. 2024 жылғы есеп бойынша қаладағы жалпы шығарындылар көлемі жылына 189 мың тоннадан асады, оның 60 пайызы немесе 112 мың тоннасы автокөлікке тиесілі. Ең көп үлес (84%) экокласы төмен Евро-0 көліктеріне тиесілі.

Жоба аясында төмен эмиссиялы аймақтар (Low Emission Zones, LEZ) құрылады, мұнда төмен экокласты көліктердің қозғалысы шектеледі және ол үшін ақы төленеді, коммуналдық және жеке автопарктерге қойылатын талаптар күшейтіледі. Сондай-ақ, заманауи экобақылау жүйелері енгізіледі.

Алғашқы кезеңде, қазан айында, пилоттық режимде енгізіліп, тестілік талдау жүргізіледі. Бұл кезде жүргізушілерден ақы алынбайды. Кейінірек Евро-0-4 көліктері үшін қалаға кіру ақылы болады. Ал электромобильдер, сутегі қозғалтқышындағы көліктер және Евро-5 пен Евро-6 стандартындағы машиналар бұл төлемнен босатылады.

Зиянды әсерді азайту үшін қала тұрғындарына жеңілдіктер қарастырылған. Арнайы тіркеуден өткен және техникалық байқаудан өткен алматылықтар ай сайынғы абонементті арзандатылған бағамен сатып ала алады.

Түскен қаражат экологиялық жобаларға, қоғамдық көлікті дамытуға және әлеуметтік қолдау шараларына бағытталмақ. Сонымен қатар, ескі экологиялық класты көліктерді кезең-кезеңімен сатып алу бағдарламасы іске қосылады.

Әкімдіктің айтуынша, бұл шаралар ауа сапасын жақсартуға, кәсіпкерлердің экологиялық жауапкершілігін арттыруға және қала тұрғындарының өмір сапасын көтеруге мүмкіндік береді.

Қазір жаңа ережелер жобасы қоғамдық талқылауда.

Комментарии
Другие материалы