Президенттің Қырғызстанға ресми сапары қалай өтті?

1801
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/hFJTwTPYDAz6gT9rH2cQbZc3KIWumL7tgZBNSM8D.webp

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қырғыз Республикасына ресми сапары аяқталды, деп хабарлайды “Адырна”.

Ақорданың хабарлауынша, халықаралық Манас әуежайынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевты Қырғызстан президенті Садыр Жапаров құрметпен шығарып салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Қырғызстанға 2025 жылы 21 тамызда барды. Мемлекет басшысын әуежайдан Садыр Жапаровтың өзі қарсы алды.

22 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің отырысына қатысты.

Мемлекет басшысы Қырғызстан Президентінің екіжақты ықпалдастықты жаңа деңгейге көтеруге зор үлес қосқанына назар аударды.

– Мен мұны жоғары бағалаймын. Қажырлы еңбегіңіздің арқасында Қырғызстанда көптеген оң өзгеріс болып жатыр. Сіз халықтың әл-ауқатын жақсартуды көздейтін маңызды бастамаларды жүзеге асырып келесіз. Ел экономикасының жыл басынан бері 11,7 пайызға өсуі – осының айқын дәлелі. Біз бауырлас елдің барлық жетістіктеріне қуанамыз. Қырғызстанмен арадағы ынтымақтастықты барынша нығайтуға айрықша мән береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Садыр Жапаров шақыруын қабыл алып, Қырғызстанға ресми сапармен келгені үшін Қазақстан Президентіне ризашылығын жеткізді.

– Сізді Қырғызстанда көрнекті мемлекет қайраткері және халықаралық деңгейдегі тәжірибелі дипломат ретінде біледі. Соңғы жылдары Сіздің қолдауыңызбен екі елдің қарым-қатынасы жаңа деңгейге өтіп, достығымыз бен бауырластығымыздың бекемделе түсуі бізді қуантады. Қазақ елі – біз үшін ерекше ел. Біздің мәмілелеріміз Тоқтоғұл мен Абайдай, Шыңғыс пен Мұхтардай аталарымыз салған ізбенен жалғасқан. Тарихи мұрамызды ұмытпай, келешек буынға жеткізуді негізгі мақсатымыз деп есептеймін. Өз тарапымнан өзара қарым-қатынасымызды одан әрі ілгерілетуге дайынмын. Біздің негізгі күшіміз – екі елдің ынтымағы мен бірлігі, – деді Қырғызстан Президенті.

Бұдан бөлек, келіссөз барысында тараптар саяси, көлік-транзит, су, аграрлық және цифрландыру салаларындағы ықпалдастықты нығайту мәселелерін талқылады. Мәдени-гуманитарлық байланыстарды өрістетуге ерекше мән берілді. Сонымен қатар өңірлік және халықаралық күн тәртібі қарастырылды.

Кейіннен Қазақстан мен Қырғызстан мемлекеттері басшыларының Бірлескен мәлімдемесі қабылданды.

Президент Садыр Жапаровты "Алтын Қыран" орденімен марапаттады.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров баспасөз брифингін өткізді.

Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерін марапаттады.

Сондай-ақ Тоқаев пен Жапаров "Достықтың алтын көпірі" ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты.

Одан бөлек, Мемлекет басшысы Кемел Тоқаев атындағы №33 мектеп-гимназиясына барды.

Комментарии
Другие материалы