«Әзербайжан тарихы» пәні тек мемлекеттік тілде оқытылмақ

2795
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/fwfojJQCxqhtlLLjIuiRPC4rxNIUIzygy8h6zXB5.webp

Әзербайжанда жаңа оқу жылынан бастап 5-6 сынып оқушылары «Әзербайжан тарихы» пәнін тек мемлекеттік тілде оқитын болады, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі APA агенттігіне сілтеме жасап.

Бұған дейін өзге тілде білім беретін 6-сыныптарда «Әзербайжан тарихы» пәні сол оқу тіліне сәйкес оқытылған еді.

«Шешім 2025-2026 оқу жылына арналған жалпы білім беретін оқу орындарының оқу жоспарларын бекіту туралы ғылым және білім министрі Эмин Амруллаевтың бұйрығымен бекітілген»,—делінген хабарламада.

Министрліктің шешімі ұлттық тарихты оқытуда мемлекеттік тілдің қолданысын күшейтуді және жас ұрпақтың тілдік әрі тарихи білімін тереңдетуді мақсат етіп отыр.

Бұдан бөлек, билік 150–160 мыңға жуық бала оқитын 340 орыстілді мектепті үш жыл ішінде кезең-кезеңімен әзербайжан тіліне көшіріп, мұғалімдерді қайта даярлауды жоспарлап отырғандарын жеткізді.

«Вфокусе» агенттігі әзербайжандық ата-аналардың Конституцияның 21 және 45-баптарына сүйеніп, білім алуды қалаған тілде қамтамасыз ететін құқықтарын алға тартқанын жазды. Олар бұл өзгерісті сотта даулауға тырысқан. Алайда Баку әкімшілік соты мен апелляциялық инстанция ата-аналардың талап-арыздарын қабылдамай, мемлекеттік саясаттың басымдығын алға тартқан.

Айта кетейік, бұл реформа Баку мен Мәскеу арасындағы қатынастардың шиеленісуімен тұспа-тұс келіп отыр. 27 маусымда Екатеринбург қаласында әзербайжандықтардың үйлеріне жүргізілген рейд кезінде екі адам қаза тауып, бірнешеуі ауыр жараланған болатын. Осы оқиғадан кейін Әзербайжан сыртқы істер министрлігі Ресейдің Бакудегі елшісі Петр Волоковты шақыртып алып, оқыс оқиғаға қарата қатаң наразылық білдіріп, қылмысқа қатысы бар кінәлі адамдарды жауапқа тартуды ескертіп еді. Кейін Әзербайжанда Ресейдің мемлекеттік және жеке мекемелері жоспарлаған барлық бірлескен мәдени іс-шаралар тоқтатылғаны айтылды.

Комментарии
Другие материалы