Жаны таза актер

1400
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/NSy4lYNtliNKYFbCuOqXR1Tmp1AvAJPW27eaY7dj.jpg

Бір күні футболмен айналысып жүрген жасөспірім жігіт мектеп оқып жүргенде сахнаға зат тасуға көмектесуге шығады. Сонда ол тұңғыш рет сахнаның құдіретін сезініп, уақыт өте талантты актер атанады. Ол  бүгінгі таңдағы Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермендер театрының актері Дінислам Нұрмағанбетов еді...


  Дінисламның балалық шағы Созақ ауданындағы Таукент пен Сәтбаев қаласындағы Рудник кентінде өтті. Бірі өзінің туған жері шырайлы Оңтүстік болса, екіншісі нағашы жұрты,  қазыналы Орталық еді.  Дінислам 9-сыныпты бітірген соң,  әке қалауымен Шымкент саз колледжіне оқуға түседі. Колледжді тәмамдағанан кейін, әуелде Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясына «Эстрадалық вокал» мамандығына тапсырады. Бірақ, бұл мамандықтың студенті атану талапкер Дінисламға бұйырмады. Өйткені, талапкер кезінде Аман Гумаров Дінисламды «музыкалық театр актері» мамандығына ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Асхат Маемиров шеберханасына алып келді. Жас баланың бойындағы қасиетті байқаған Асхат Максимұлы: «Сенің актерлік ішкі жан-дүниен мықты, жүрегіннің түкпірінде үлкен қабылет жатыр»-дейді. Осылайша Дінислам бұрын армандап, қызықтап көрмеген актерлік өнер мамандығының есігін ашады.

Алғашында бұл жол Дінислам үшін ауыр, қиын болып көрінді. Тіпті, оқудан шығып кетуді де, ойлады. Бірақ ұлағатты ұстазының шәкіртіне деген сенімі, жігерлі сөздері Дінисламға күш берді, өнерге деген құлшынысын одан сайын арттырды. 1 курста оқып жүргенде «Хабар» телеарнасының тапсырысы бойынша түсіріліп, көрермен жүрегіне жол тауып, бір әулеттің ғана емес, күллі қазақ халқының тағдырын айқын көрсеткен  «Құсайыновтар өмір жолы» атты телехикаяға түседі. Дінисламның кинематография  саласындағы алғашқы қадамы құтты болды. Ал театрдың жөні бөлек... 3 курста оқып жүрген кезде Астана қаласынан жаңа театр, жас өнер ұжымы құрылып жатқанын естіп, еңселі елордаға үлкен арман және игі мақсатпен жол тартып,  Астана музыкалық жас көрермендер театрының актерлік құрамына қабылданады. Дінислам Алатаудан Арқаға қоныс аударған алғашқы жылдар «өтпелі кезең» болғаны рас. Бірақ, ол кезеңнен сүрінбей өтіп, «астаналық» деген тамаша атқа ие болады. Театр сахнасында: М.Әуезов, М.Әбілдің «Абай-Тоғжан» драмасындағы - Абай, Д.Исабековтің  «Гаухартас» драмасындағы - Қайыркен, А.Володиннің «Қоштасқым келмейдісіндегі» Митя және т.б. кейіпкерлерді кескіндеп жүр. Қазақ театрындағы Абай бейнесін нұсқалаған әр актер өзінше, өзгешелеп бейнелеп жүр. Ал Дінисламның Абайы мүлдем басқа. Ол жастығы жай отындай жалындаған, ерке, ақылды тентектігі басым кейіпкер. Лирикалық қырлары да, сахна алаңында айқындап көрінеді. Дінислам-Абай осындай ерекшеліктерімен  ұтымды.

Дінисламның сахнадағы жұлдызды бейнесі - баршаға таныс Дулат Исабековтің «Гаухартас» драмасындағы Қайыркен. Қайыркен-Ш.Айтматовтың «Ана Жер ана» трагедиясындағы - Жайнақ, «Ақ кеме» психологиялық драмасындағы Бала сияқты жаны таза, өмірге деген көзқарасы оптимизммен бейнелеген қаһарман. Қойылымды тамашалау барысында Қайыркен-Дінисламнның тазалығына, кіршіксіз көңіліне көз сүйсінеді. Ал оның ішкі жан-дүниесі жеңгесі Салтанатқа деген шынайы сезімі оқиға арасында астасып жатты. Дінислам жеңгеге деген шын көңілін актерлік шеберлігі арқылы көрсете білді. Актерлік мамандық-өмір бойы ізденуден талмайды. Дінислам Қайыркен бейнесіне дайындала жүріп, «беташар» жырын, әуенін, оның домбырада ойналуын меңгеріп алады. Аталмыш ізденіс, талмас дайындық бүгінгі таңда өз жемісін беріп, Дінислам-Қайыркен театр сүйер қауымның жүрегіне жол тапты. Міне, төгілген тердің жеңісі деп осыны айтуға болады.

Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетов: «Театр өне бойы адам жанын жараламай, тазалаумен, нұрландырумен айналысса керек. Қазіргі уақыт осыны талап етеді. Театр бір күндік емес, ол мәңгілікке қызмет етуі тиіс. Онда ең кемі бес-он жыл жүретін дүниелер сахналануы тиіс»,-дейді. Музыкалық жас көрермен театрындағы «Гаухартас» мәңігілікке қызмет ететін туынды болады деп сенеміз.  Өйткені, осыған әбден лайық.

Актер үшін әрбір рөл — жаңа әлем. Шығармашылыққа деген шынайы ықылас пен шабыт – актерлік өнердің жүрегі.

Дінислам-  әр рөлі, әр бейнесіне өзінше шабыт сыйлайды, өзгешелік әкеледі. Дінисламнның бойында актерлік тазалық бар. Оның ішкі жан-дүниесінде кейіпкердің адал көңілі, аппақ қардай таза пейілі жатады.

Дінислам-қай кейіпкерге жан бітірсе, сол кейіпкердің шынайы болмысы ашылып жатады. Жағымсыз кейіпкерді сомдаса да, Дінислам оны актерлік шеберлігімен ақтап, оның да, бойында мейірімділік бар екенін дәлдеп шығады. Дінислам осы арқылы  «психологиялық релизм» тәсілін жақсы қолдана алады. Бұл актер үшін нағыз керекті, таптырмас тәсіл. Осыны Дінислам өте жете ұғынған.

М.Чехов: «Актер — өз жүрегін сахнада ашатын адам»-дейді. Шындығында да, актер жүрегімен көрерменге рөлін жеткізеді. Дінислам да, солай. Өз шын жүрегімен, тебіренісімен көрерменді таңқалдырады. Дінислам рөліне ешқашан селқостықпен қарамайтыны байқалып тұрады. Әрдайым жауапкершілікпен, ыждағаттылығымен жасаған бейнесі көрерменің де, есінде жақсы сақталады. 

Жоғарыда Дінисламның сахнадағы қадамы көмектесіп, қол ұшын созып жіберуден басталғанын атап өттік. Сол мектептегі ұстаздары, сол сахнаны көрген оқушылар жәрдем берген бозбаланың уақыт өте келе көрерменің сүйікті актеріне айналатынын білді ме екен?....

Бахтияр Тұрсын

Театртанушы

 

Комментарии
Другие материалы