Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна–Қазақстан институтының директоры, заң ғылымдарының докторы Айнұр Сәбитова Франция Президенті Эммануэль Макронның жарлығы бойынша Францияның «Академиялық пальма» орденімен марапатталды, деп хабарлайды "Адырна".
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Сорбонна–Қазақстан институтында өткен салтанатты шарада жоғары мемлекеттік награданы Қазақстандағы Францияның Төтенше және Өкілетті Елшісі Сильван Гио табыстады. Орден Айнұр Сәбитованың білім беру, ғылым және адам құқықтарын қорғау саласындағы елеулі еңбегін халықаралық деңгейде мойындау ретінде ұсынылды.

Рәсімге Абай атындағы ҚазҰПУ ректоры Болат Тілеп, ҚР СІМ Алматыдағы Өкілдігінің жетекшісі Жанибек Әбдрашев, Франция Елшілігінің дипломаттары, қазақстандық және француздық серіктес жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылары мен студенттері қатысты. Сонымен қатар, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек арнайы бейнеқұттықтау жолдады.

Францияның «Академиялық пальма» ордені – 1808 жылы Наполеон Бонапарт негізін қалаған, білім, ғылым және мәдениет саласындағы ерекше еңбектер үшін берілетін ең көне мемлекеттік марапаттардың бірі. 1955 жылдан бастап орденге ұлттық мәртебе беріліп, Президент жарлығымен табысталады.