Qazaq Expert Club алғашқы легі аяқталды

110
Adyrna.kz Telegram
https://www.adyrna.kz/storage/uploads/pXJpmfUiRWADi5DM2oeL3m5o52y1R5FTMo5DKbFQ.jpg

Алматыда Qazaq Expert Club алғашқы легінің қорытынды networking іс-шарасы өтті.

 Жоба — сарапшыларды кәсіби коммуникацияға, медиамен жұмыс істеуге және қоғамдық алаңда сапалы пікір қалыптастыруға үйретуге бағытталған білім беру бастамасы. Шара бейресми әрі жылы атмосферада өтіп, қатысушылар, менторлар және медианарық өкілдері бес апталық интенсив нәтижелерін талқылап, жаңа сарапшылар қауымдастығының қалыптасқанын атап өтті.

Qazaq Expert Club түрлі сала мамандарын біріктіріп, оларды ақпараттық кеңістікте сенімді әрекет етуге, кәсіби пікір беруге және қоғамдық талқылауларда сапалы дискурс орнатуға бағытталған алаң ретінде құрылды. Жоба іске қосылған сәттен-ақ медианарықтың назарын аударды: тыңдаушылар оқу барысында-ақ жаңалықтарда көріне бастады, ал бағдарлама аяқталғанға дейін олардың қатысуымен 30-дан астам материал жарық көрді.

Бағдарламаға қатысу үшін 98 өтінім түсіп, нәтижесінде Алматы, Астана, Шымкент, Петропавл және Талдықорғаннан 40 сарапшы іріктелді. Лек құрамына экономика, қаржы, халықаралық қатынастар, әлеуметтік саясат, урбанистика, медицина, энергетика, білім беру, цифрландыру, экология, спорт, логистика және креатив индустрия сияқты көптеген бағыттың өкілдері енді. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген көпсалалы мамандардың қалыптасуы олардың медиакеңістіктегі ықпалын арттыра түсетіні атап өтілді.

Интенсив бес аптаға созылып, бес негізгі модульден тұрды: сарапшы рөлі және нарықпен жұмыс, реттеу негіздері және іскерлік процестер, медиамен жұмыс және көпшілік алдында сөйлеу, PR мен digital дағдылар, сондай-ақ жүйелі жобаларды дамыту және сарапшылық позиция қалыптастыру. Сабақтар тәжірибеге бағытталды — қатысушылар нақты кейстер шешіп, сұхбат моделдеп, дискуссияларды талдап, жеке сарапшылық материалдар дайындады. Жиырмадан астам практик маман дәріс оқыды: журналистер, редакторлар, медиа-менеджерлер, заңгерлер, мемлекеттік органдар өкілдері мен салалық сарапшылар.

Қорытынды шарада жобаға қатысқан мамандар бағдарламаның нарық үшін маңызын атап өтті. Halyk Bank PR басқармасының басшысы Мира Халина медиада экономикалық және қаржылық процестерді кәсіби түсіндіре алатын сарапшылардың аз екенін айтып, Qazaq Expert Club бұл олқылықтың орнын толтыруға ықпал еткенін жеткізді. СЖРА төрағасының орынбасары Олжас Төлеуов жобаның мамандар әлеуетін ашуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Ал азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі сарапшы, финалист Лаура Аутелеева жоба атмосферасының ерекше екенін және еліміздегі жетекші сарапшылармен танысып, тәжірибе бөлісу мүмкіндігі үлкен құндылық болғанын айтты.

Бағдарлама кезеңінде және ол аяқталғаннан кейін жоба сарапшылары Zakon.kz, Khabar, 24.kz, Atameken Business, Kapital.kz, Forbes.kz, LSM.kz, «Литер», «Айқын», Qaz365, 7kun.kz және басқа да жетекші медиаға 30-дан астам пікір берді. Материалдар экономика, қаржы, ШОБ, урбанистика, экология, әлеуметтік мәселелер, халықаралық процестер және цифрландыру тақырыптарын қамтыды. Бұл — дербес сараптамаға деген қоғамдық сұраныстың артқанын көрсетеді.

Алғашқы лек финалистері ретінде Алла Кислова (халықаралық қатынастар), Айгерим Ильясова (қаржы және экономика), Лаура Аутелеева (азық-түлік қауіпсіздігі), Диляра Сейтнурова (құрылыс) және Раушан Тасшоинова (қаржы және салық) анықталды.

Ұйымдастырушылар алғашқы легінің нәтижелері сарапшыларды жүйелі түрде дайындаудың қажеттілігін дәлелдегенін атап өтті. Алдағы уақытта бағдарлама кеңейіп, бағыттар саны мен практикалық форматтар артады. Қатысушылар өзара байланыста болып, Qazaq Expert Club кәсіби қауымдастығын дамытуға дайын екенін білдірді.

Комментарии
Другие материалы